Алматы облысының Қонаев қаласында алтыншы сынып оқушысы мектеп баспалдағынан құлап, ауруханада көз жұмды. Бала басынан ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, оқушы келесі күні ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайғылы оқиға 16 қараша күні Қонаев қаласындағы мектеп-гимназияда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқыс жағдай сағат 12:30 бен 13:00 аралығында, сабақ басталмай тұрып орын алған.
Белгілі болғандай, алтыншы сынып оқушысы мектептің үшінші қабатындағы баспалдақтың сүйеніш жақтауымен сырғанап бара жатқан. Сол сәтте тепе-теңдігін жоғалтып, екінші қабаттың алаңына басымен құлаған.
Құлау салдарынан бала басынан ауыр жарақат алып, есінен танып қалған. Зардап шеккен оқушы шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізілген. Оқиғаны Алматы облысының ДСМ баспасөз қызметі растады.
2026 жылдың 16 қарашасында Қонаев қаласының Қалалық көпсалалы ауруханасына биіктен құлап, ауыр жарақат алған 2015 жылы туған бала жеткізілді. Ауруханаға түскен кезде баланың жағдайы өте ауыр болды. Медицина мамандары барлық қажетті емдеу-диагностикалық және реанимациялық іс-шараларды толық көлемде жүзеге асырды. Медициналық көмек көрсетуге қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі бейінді мамандар тартылды. Емдеудің әрі қарайғы тактикасын анықтау үшін жетекші мамандардың қатысуымен бірнеше рет консилиумдар өткізілді, - деп жауап жолдады Алматы облысының ДСМ баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына.
Дәрігерлердің мәліметінше, 17 қарашада балаға ота жасалған.
Жүргізілген қарқынды терапияға, хирургиялық емге және барлық жасалған реанимациялық шараларға қарамастан, 2026 жылдың 18 қарашасында сағат 10:00-де бала қайтыс болды. Баланың туыстары мен жақындарына шынайы және қайғыра көңіл айтамыз, - делінген облыстық ДСМ хабарламасында.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада оқушы қыз екі сыныптасына пышақпен шабуыл жасағаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Абай облысында мейрамхана маңында оқ атқан тұрғын ұсталды
Теміртау маңында із-түзсіз жоғалған 38 жастағы әйелдің мәйіті табылды
Қазақстанда 7 жасөспірім «жарылғыш заттар» туралы жалған қоңырау шалғаны үшін жазаланды