Қоғамның бітеу жарасы. Әйел – психикасы бұзылған еркекті оңалту орталығы емес

29 Шілде 2022, 17:01
3490
Бөлісу:
Қоғамның бітеу жарасы. Әйел – психикасы бұзылған еркекті оңалту орталығы емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Иә, мінсіз отбасы жоқ. Дегенмен, қоғамда үйдегі түсініспеушілік салдарынан отағасынан қорлық көрген әйелдер саны көбеймесе, азаймай тұр. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың соңы ажырасумен, тіпті қайғылы жағдаймен аяқталып жатқан жайттар жиілеп кетті. Статистикаға үңілсек, тіптен қорқынышты... 

Некелескен екі жұптың бірі ажырасады

Ұлттық статистика бюросының ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, былтыр елімізде 140 256 неке тіркелген. 48 239 жұп ажырасқан. 

Дәм-тұзы жараспағандардың көшін 5281 жұппен Алматы қаласы бастап тұр. 

Тағдырларды тоғыстыратын армандар қаласы атанып кеткен астана бұл көрсеткіштен қалыс қалмаған. 2021 жылы 12 247 жұп елордада некелерін қиса, 4296 отбасының шаңырағы шайқалыпты. Осылайша, елордадағы ажырасу көрсеткіші 35%-ға тең. 

Өкінішке қарай, республикамыздағы некелескен екі жұптың бірі ажырасады дейді мамандар. Ерлер арасындағы ең жоғарғы ажырасу үлесі 30-34 жас болса, әйелдерде – 25-29 және 30-34 жас аралығына сай келеді. Әдетте жұптардың жолы 5-9 және 20 жыл бірге тұрғаннан кейін екіге бөлінеді. Мұның астарында талай жыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдап, соңында морт сынған қаншама тағдыр жатқан жоқ па? 

Экономикалық проблемалар көбейген сайын отбасылық зорлық-зомбылық та артып келеді

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық қазіргі кезде өршіп тұр. Оны күнделікті әлеуметтік желілерден, БАҚ-тан көріп жүрміз. 

Шын мәнінде, әйелдердің мұндайды бастан кешіруі отбасының табысына, әлеуметтік шығу тегіне, діни ұстанымына, ұлттық, нәсілдік негіздерге бөлінбейді. Өкінішке қарай, көптеген отбасында мұндай жағдай бар. Кейбіреуінде ол жасырын түрде жүзеге асып жатады. Бізге белгісі тек 102-ге қоңырау шалып, көмек сұрағандары ғана. Қалғандары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрсе де, жылдар бойы шыдап, оны айтпай, көніп жүре беретін әйелдердің саны өте көп. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша астанада 4433 қорғау нұсқамасы шығарылған. Бұл дегеніміз елордалық 4433 әйелге қауіп төнді деген сөз. Яғни оның өміріне, денсаулығына, психологиясына қауіп төнгендіктен қорғау нұсқамасы шығарылды. Қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған 211 адам әкімшілік сотпен жауапкершілікке тартылды, - деп атап өтті полиция полковнигі. 

Сонымен қатар ол көбінесе әйел адамдарға жасалатын зорлық-зомбылық, соның ішінде отбасында орын алған жайттар ішкіліктің кесірінен болады деп отыр. Не ерлі-зайыптылар бірігіп ішеді, не біреуі мас боп шу шығарады. Осындай жағдайлар болған кезде полиция ішкілікке салынған адамдардың, соның ішінде, отбасы, тұрмыстық салада құқық бұзғандарға сотпен мінез-құлқына ерекше талаптар қояды. 

Ерекше талаптың ішінде биыл 250 адамға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынған. Жыл басынан бері 1023 адам Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы және 73-1-бабы бойынша 476 адам, 73-2-бабы бойынша 255 адам жауапкершілікке тартылған. Жалпы бізде отбасы, тұрмыстық саладағы құқық бұзудың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Әрбір бейсенбі күні апта бойы 102-ге қоңырау шалып, өздерінің проблемаларын шеше алмай жүрген отбасыларды кешенді жұмысқа шақырамыз. Мұндағы негізгі мақсат – «1 терезе» тәсілі арқылы сол отбасыға көмектесу – дейді маман.

Оның сөзіне қарағанда бұл шараға түрлі сала мамандары қатыстырылады.

Медиатор, психолог, учаскелік полиция инспекторы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің инспекторы, ювеналды полиция, әлеуметтік сала мамандары. Әр сенбі күні агрессорлармен жұмыс істейміз. Сенбі күнге қойылуының өз себебі бар. Көбінесе отбасында табыс табатын ер адамдар болған соң әрі демалыс күні полиция басқармасына агрессорларды шақырып, олармен тек ер адамдар ғана жұмыс жүргізеді. Мешіт имамдары, белгілі ер психологтар, қоғам қайраткерлері, блогерлер отбасындағы құндылықты, ер адамның, әкенің рөлі, дұрыс адами қарым-қатынасты қалай орнату сынды бағыттарда сөйлеседі. Жыл басынан бері біздің назарымызға түскен 200 отбасы оңалып, қалыпты өмірге оралды. Әйел бірге тұра алмайтындай жағдайға жетсе, әрі баланың өміріне, денсаулығына қауіп төнсе, әрине, ажырасады, - дейді аға инспектор. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебі – надандық пен тәрбиенің жетіспеуінен

Елордадағы дағдарыс орталықтарының бірі – «Қорғау Астана» 2009 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсетіп келеді. Қор басшысы Анна Рыль жылына орта есеппен 400 әйел көмек сұрайтынын айтты. 

Егер әйелге қамқорлық қажет болса, біз орталығымызда уақытша тұрғыза аламыз. Өздігінен немесе полиция арқылы бізге келсе, психолог, әлеуметтік қызметкер, заңгердің көмегі – тегін. Қазір әрқайсысында 20 орыннан 2 бөлімшеміз бар. Жылына орта есеппен 400 әйел көмек сұрап хабарласады. Ал орталықта тұруға 80-дей әйел келеді. Жазда әдетте адам саны аздау болады. Бұл мезгілде әйелдер әдетте құрбысына немесе көршісіне барып бас сауғалай тұрып, кейін отбасына қайта оралады. Ал қыста күн сайын 2-3 әйел көмек сұрайды. Ешқашан бос орын болған емес – дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, әйелдер психологиялық, экономикалық зорлық-зомбылыққа өте ұзақ шыдайды. 

Бұл біздің менталитетімізбен де байланысты. Мәселен, жақында орын алған жағдайға тоқталсам, орталыққа бір әйел келді. Күйеуі мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Анасы жас отбасының қолында тұрады. Әйелі де білімді. Ортаға анасы түскен. Ұзақ уақыт бойы шыдаған әйелге ақыры ері «Біз анам екеуміз сенімен ажырасамыз деп шештік» деген соңғы сөзді айтқан. Ата-ананың ықпалы көп тиетіні жасырын емес, - деп ағынан жарылды орталық басшысы. 

Ал 80% жағдайда мұндай келеңсіз оқиғаларға күйеуінің ішімдік ішуі, есірткі қолдануы, ойынқұмарлық себеп болатынын алға тартты. 

Бұл жайдан-жай орын алатын жайт емес. Оның түбінде отбасындағы бір олқылық жатыр. Жас отбасыларға көбіне ата-ананың қолдауы жетпей жатады. Әрі қыз баласына қашан да артылатын жауапкершілік жоғары. Ұлдарымызға бәрін беруге тырыссақ, қыздардан керісінше, көп нәрсені талап ететін сияқтымыз. Күні кеше ғана мәселен, бір әйелді орталығымызға алып келдік. Жолдасының табысы жаман емес, «Камаз» көлігі бар. Бірақ әйелдің не қыстық киімі, не сыртқа киіп шығатын іліп алары жоқ. «Әйел сұрамауы керек, әйел үндемеуі керек, тамағыңды дайында да, үйде отыр» деген психологиямен өмір сүретіндер көп. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебі – надандық, тәрбиенің жеткіліксіздігі. Проблеманың барлығы адамның шыққан отбасынан, балалық шақтан басталады. Әкесі анасына қол көтергенін көріп өскен ұл агрессор немесе ынжық болып өседі, - деді Анна Рыль. 

Белгілі болғандай, әйелдер көп жағдайда балалары үшін отбасына оралады. Мамандар әйелдерге қажетті көмек беріп, отбасыны ажырастыруды мақсат тұтпайтындарын айтты. Соңғы шешімді қабылдау – әйелдің өз қолында. Дегенмен, дағдарыс орталықтары әйелдермен ғана жұмыс істеп, агрессор еркектер сырт қалып жатады. Осы сауалды мамандарға қойдық.

Агрессор ерлермен де жұмыс істейміз. Егер ол келіссе, орталыққа шақырып, психолог маман сөйлеседі. Қит етсе, жұдырығын ала жүгіретін еркекке психолог, психотерапевт мамандар қол ұшын береді, - деп жауап берді дағдарыс орталығының директоры. 

Кейде әйелге үйіне полиция шақырудың өзі қауіп төндіруі мүмкін

Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген адамдармен жұмыс істеуде тәжірибесі мол заңгер Санжар Танагөзов кей жағдайларда әйелге полиция шақыру қауіп төндіру мүмкіндігін ескертті.  

Әйелге полиция шақырудың өзі қауіпті болатын сәттер бар. Адамдар әр түрлі. Мәселен, ер адам қоңырау шалуға мүмкіндік бермей, телефонды жұлып алып, ұрып-соғуы мүмкін немесе тәртіп сақшысы келген соң әйел күйеуінің алдында батылы жетпей, жағдайды түсіндіре алмауы мүмкін жайттар көп болады. Бұл жағдайда әйел бірден дағдарыс орталығына келіп, жағдайды түсіндіріп, сол жерде мамандардың көмегімен полицияға жүгінгені абзал. Үйінде қалу қауіпті болса, полицияға айтып, орталыққа орналасқаны жөн. Ер адамдардың жазадан қорықпайтын, жасаған әрекеттерін жалғастыра беретін санаты бар. Егер әйел үнемі таяқ жеп, құқығы бұзылатын болса, азаптау дерегі бойынша арыз жазуы тиіс. Азаптау дерегі – қылмыстық жауапкершілік. Әйел азаматтарға қорлыққа шыдап жүре бермеуге және кешірмеуге кеңес беремін. Еркек жасаған ісінің жауапкершілігін түсінгені дұрыс, - деді заңгер. 

Сонымен қатар ол қандай жағдай болмасын, полиция шақыртып, фактіні тіркету керек дейді.

Егер әйел жарақат алған болса, сот-медициналық сараптамаға жолдама сұрауы қажет. Тағы бір маңыздысы, қорғау нұсқамасын жаздырып алса, ер адамның зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алуға кепіл бола алады. Отбасы әрі қарай бірге тұратын болса да, қорғау нұсқамасына сәйкес ер адам агрессиясын қайталаса, ол әкімшілік тұтқынға алынады. Бірінші жолы агрессор әкімшілік ескерту алса, екінші рет оны тұтқындайды. Тіркелген қорғау нұсқамасының, полицияға жазылған арыздың болуы егер әрі қарай отбасы ажырасқан жағдайда әйел адамның қызығушылығына басымдық береді. Оның үстіне, кей еркектер әйелдің қорлыққа шыдамай, тиісті заң органдарына жүгінетінін білсе, келесі жолы физикалық күш көрсетуге бармайды, - деп түсіндірді Санжар Танагөзов.  

Агрессор адамның психологиялық терапиядан өтпей өзгеруі мүмкін емес

Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев осылай деп санайды. 

Жалпы агрессор адамдардың белгілі бір психологиялық терапиядан өтпей, өзгеруі мүмкін емес. Сондықтан сізге бір рет қол көтерген адам «уәде берем, кешірім сұраймын», «екінші рет қайталамаймын» деп қаншалықты айтса да, егер психологпен жұмыс істемей, емделмесе, ол әрекетін қайталайды. Екіншісі, қоғамның бұл жердегі көзқарасы: «Шыда, көн, бәрі өзгереді». Әйел – психикасы бұзылған еркекті оңалту орталығы емес. Оның проблемалары бар болса, оған шыдап, төзіп, оны бағудың керегі жоқ. Ол (ер адам – ред.) психологқа барып емделуі керек (!). Махаббат та, бәрі жайына қалады. Өйткені ол – ауру, ауытқу – дейді Ержан Мырзабаев. 

Мамандар агрессияның психологиялық жағдай ма, психиатриялық жағдай ма, қайсысына жататын анықтайды. 

Психиатриялық жағдай болса, ауруханаға жатып емделуі тиіс. Егер психологиялық жағдай болса, белгілі бір комплекстер, балалық шағындағы «травмаларды» айқындау арқылы емделеді, - дейді психолог. 

«Әйел – ана, еркек – пана». Сол үшін ашуға бой алдырмас бұрын ер азаматтарымыз отбасының берекесін кетірмеуді ойласа дейміз.  

Қажет болса, мамандарға жүгініп, дер кезінде көмек сұраудан арланбайық. Алланың аманатын арқалаған ерлеріміз шаңырақты шайқалтпай, аналар ошақ отын сөндірмесе екен. 

Өзгелердің жаңалығы