Қобда ауданында құрылыс қарқынды

18 Мамыр 2024, 21:42
492
Бөлісу:
Қобда ауданында құрылыс қарқынды
Фото: gov.kz

Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапары барысында Қобда ауданына қарасты Қобда және Жарық ауылдарының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазір Қобдада су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындары үшін 97 үй салынуда. Құрылыс жұмыстарына 15 компаниясы жауапты.

Асхат Шахаров құрылыс барысымен танысып, мердігер ұйым басшыларымен және жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Ауыл тұрғындары жаңа үйлерді күтуде, олар жаздың ортасына дейін аяқталуы тиіс.Жарықта облыс әкімі халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.

Жарық ауылында 335 адам тұрады. 93 үйдің 25-ін еріген қар суы басқан, оның 24-і тұруға қауіпті деп танылды. Оның есесіне тұрғындарға жаңа үйлер салынады. Судан зардап шеккен тағы бір үй жөнделмек. Алдағы күндері құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.

Жарық ауылының тұрғыны Бақтияр Қостанаев су тасқыны кезін былай деп еске алады.

Біздің өз техникамыз бар, су басу қаупі төнген кезде өзіміз құм бөгеттерін сала бастадық. Бірақ бәрібір су басты. Салдарынан ең шеткі үйлер суға кетті. Менің үйім де басқа 23 үй сияқты қауіпті деп танылды. Комиссия келіп, тұрмыстық техника мен жиһаздың шығынын есептеді. Барлығы жәрдемақы алды, материалдық шығын төленіп жатыр. Тұрғын үйлер салатын орын белгіленді. Бізге жаңа үй 80 шаршы метр болатынын айтты. Менің ескі үйім 80-ші жылдары салынған, ауданы 104 шаршы метр болатын», - дейді ол.

Жарық ауылындағы 14 отбасыға тұрмыстық техникасы мен жиһазы тасқын су салдарынан бұзылғаны үшін жалпы мөлшері 5 миллион теңгеге жуық материалдық шығын төленді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарының басшылары мен жеке қожалық иелеріне өлген малы үшін 12 миллион теңгеден астам шығын өтелді.

Кездесу барысында жергілікті тұрғындар облыс әкіміне жаңа қоныстанатын аумаққа мал ұстауға арналған жабық қора салуға көмектесуін сұрады. Бұл мәселе – күн тәртібінде.

Өңір басшысы сондай-ақ су тасқыны кезінде су шайып кеткен ауылдағы көпір мен жолдар жөнделетінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы