Қобда ауданында алма өсіру қолға алынды

17 Маусым 2023, 20:12
1007
Бөлісу:
Қобда ауданында алма өсіру қолға алынды
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қобда ауданына жұмыс сапарымен барды. Оның ішінде, өңір басшысы «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жобасының іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қобда ауылының тұрғыны, жергілікті мектептің мұғалімі Жалғас Бегесинов алма өсіріп, бақ салу туралы арманын жүзеге асыру үшін жоба қатысушысы атанған. Жеңілдетілген несиенің жалпы сомасы 7,1 млн теңгені құрады. Осы қаражатқа 500 алма көшетін сатып алған, оны отырғызып, бақша аумағы қоршады. Одан әрі аталған жобаны кеңейту жоспарлары бар.

Бала кезімнен ауладағы кішкентай бақшаға қарап, мен үлкен бау-бақша өсіруді армандайтынмын. Қазір аулада 50 алма ағашы бар, біз көбінесе көршілерге тегін таратамыз. «Ауыл аманаты» маған бірнеше жылдан кейін арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мен жыл сайын алма ағаштарының санын көбейтемін деген сенімдемін. Алманың сұрпы біздің климатқа бейімделген, аязға төзімді және жоғары өнімді - оралдық, ақ және сары алмалар бар. Әрине, бірден өнім ала алмаймыз, кем дегенде 2-3 жыл күту керек. Сондықтан мен 2 гектар жерге картоп отырғыздым. Отбасыммен бірге барлық жұмысты атқарамыз, - деді Жалғас Бегесинов. 

Облыс әкімі еңбекқор мұғалімге және оның отбасына жоспардан ауытқымай, жеміс бағын кеңейту жолында сәттілік тіледі. Қобданың тағы бір тұрғыны Данияр Өтегенов «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылда дизайнерлік кілем тоқу цехын ашты. Жобаның құны - 2,4 млн теңге. Бұл қаражат жабдықтар мен жұмыс материалдарын сатып алуға жетіпті. Өндірісте екі адам жұмыспен қамтылды. Данияр Өтегенов клиенттердің тапсырысы бойынша кілемдегі суреттер салынатындығын атап өтті. Жобаның тағы бір қатысушысы Аружан Жұмағалиева отбасымен бірге құс шаруашылығымен айналысуды қолға алған. Айта кетейік, өңірімізде құс етіне деген қажеттілік жоғары - жергілікті өндірілген өніммен қамтамасыз ету шамамен 5 пайызды құрайды. Жұмағалиевтер отбасысы 8,6 млн теңгеге несие алып, 500 тауық пен 200 қазды сатып алған. 

Біз осыған дейін қаз, үйрек, тауық ұстадық, бірақ мұндай көлемде емес. Бұл тиімді бизнес екеніне көзіміз жетті. Қазірдің өзінде жұмыртқаны сатып, пайда табамыз. Күніне 300-ге жуық жұмыртқа сатамыз, бұдан 15 мың теңге пайда түседі. 5 мыңдай жем алуға кетсе, қалғаны - таза пайда, - деді кәсіпкер

Алдағы уақытта тауықтар санын екі есеге көбейту, инкубатор орнату және қауырсындарды қайта өңдеуді жолға қоюды жоспарлауда. Айта кетейік, Қобдада «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталысымен табысы төмен отбасыларға тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 27-ден 15-ке дейін азайды. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындары құс шаруашылығын дамытатын 14 жобаны, бау-бақша бойынша 5 жобаны іске асырды, сондай-ақ 13 шағын бизнес субъектісі мен бір балық шаруашылығын ашты. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жұмыстары жалғасуда

Өзгелердің жаңалығы