ҚМДБ қажылыққа барам деп турфирмаға алданып қалғандарға кеңес берді

26 Қаңтар 2023, 11:00
1631
Бөлісу:
ҚМДБ қажылыққа барам деп турфирмаға алданып қалғандарға кеңес берді
Фото: iman.kz

Елімізде қажылыққа алып баратын фирма азаматтарды алдап кеткен. Осы мәселеге қатысты Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда қазақстандықтар түрлі туристік компаниялардың қызметі арқылы умраға кетіп жатыр. Сондай компанияның бірі - «Kausar Travel».

БАҚ беттеріндегі мәліметтерге сәйкес, Шымкентте қажылыққа бармақ болған бір топ азамат қасиетті мекенге ұша алмай қалған. Олар ұмраға 12 қаңтарда бару үшін осы турфирмадан мың долларға жолдама сатып алған. Алайда турфирма агенттері ұшты-күйлі жоғалған.

Діни басқарма осы мәселеге араласа ма?

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осы мәселеге қатысты пікірін айтты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әрбір қандасымыздың, жерлесіміздің мәселесіне барынша қолдау көрсетіп келеді және оны жалғастыра да береді. Әрине, біз бұл мәселе жайлы естідік, алайда бұл бізге қатысы жоқ дүние. Елімізде заң кез келген адамға турфирма ашуға рұқсат берген. Яғни олар әлемнің қай жеріне саяхатқа алып барамын десе де өз еріктері, - деп айтты бас мүфти.

Сөзінше, ұмраға қатысты да осы заң жұмыс істейді.

Умра да солай болған. ҚМБД қанша, қандай фирма барын және оны кім ашып жатқаны туралы мәліметтерді білмейді. Сол себепті де осындай проблема болып жатыр, - деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти атап өткендей, қазіргі күні ҚМДБ-ның Қажылық бөлімі осы мәселемен айналысып, азаматтарға кеңес беріп жатыр.

Бауырларымызға, жерлестерімізге айтарым, қажылық - ол құлшылық. Дегенмен қажылыққа алып баратын турфирмаларды таңдағанда қиналып қалмас үшін оны алдымен зерттеп, танып алуға кеңес береміз. Барлық құжаттың барына көз жеткізгеннен кейін ғана барсаңыздар екен дейміз. Кез келген қазақстандықтың шетелге барып, қиналып жатқаны барлығымызға ауыр тиеді, - деп түсіндірді ол.

Өзгелердің жаңалығы