Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтардың ведомство атынан жалған ресми хаттар тарату деректері әлі де тіркеліп жатқанын ескертті.
Агенттіктің мәліметінше, жуырда осындай тағы бір жағдай анықталған. Алаяқтар мемлекеттік органға ҚМА атынан хат жолдап, белгілі бір азаматқа қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын көрсеткен. Осыны сылтау етіп, азамат туралы мәліметтерді, оның ішінде мінездемесі мен өзге де ақпаратты сұратқан.
ҚМА мұндай алаяқтық тәсіл бұған дейін де қолданылғанын атап өтті. Қаскөйлер жалған хат жібергеннен кейін азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін Агенттік қызметкерлері ретінде таныстырады. Кейін түрлі сылтаумен жеке және банк деректерін сұрап немесе ақша аударуды талап етуі мүмкін.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға ресми құжаттың сыртқы белгілеріне ғана сенбеуге кеңес береді. Құжатта логотип, мөр немесе қолтаңбаның болуы оның шынайы екенін білдірмейді.
Сондай-ақ ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шоттарының деректерін сұрамайды және қандай да бір шотқа ақша аударуды талап етпейді. Агенттіктің ресми хаттары белгіленген тәртіппен ғана жолданады.
Күмәнді хат немесе хабарлама алған жағдайда оның шынайылығын ҚМА-ның ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет. Бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін бермеу, сондай-ақ олардың нұсқауымен ақша аудармау керек.
Күмән туындаған жағдайда ҚМА-ның 1458 нөмірлі Call-орталығына немесе +7 (7172) 70-84-79 нөмірі арқылы Кезекші бөлімге хабарласуға болады.
Агенттік азаматтар мен ұйымдарды сақ болуға және алаяқтардың айласына түспеуге шақырды.