Қазынаға мұнайдан түсетін қаржы азаяды – Қаржымин

8 Қыркүйек 2022, 12:46
1310
Бөлісу:
Қазынаға мұнайдан түсетін қаржы азаяды – Қаржымин

Бұл туралы Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгін ведомство басшысы Мәжілісте «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды. 

Айтуынша, заң жобасы 2027 жылға дейінгі елдің даму болжамы негізінде жасалған.

2023 жылға арналған республикалық бюджет түсімі – 17,8 трлн теңгеге тең. Бұл былтырмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге ұлғайған. Республикалық бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі біртіндеп азайып келеді. Биыл ол 40,2% болса, 2025 жылға қарай 21,8%-ға төмендейді. 2023 жылы мұнай секторының түсімі 1,4 трлн теңгеге азайып, 5 трлн теңге болады. Әрі қарай төмендей береді, - деп атап өтті вице-министр. 

Сонымен қатар ведомство өкілі Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлеміне тоқталып өтті. 

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 2023 жылы – 2,2 трлн теңге, 2024 жылы – 2 трлн теңге, 2025 жылы – 1,9 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Келесі жылға мақсатты трансферт 1 трлн теңге болса, 2024 жылы 400 млрд теңгеге тең болады. Былтыр Есеп комистеті мен Президент Әкімшілігі тарапынан бюджеттің ағымдағы іс-шараларына Ұлттық қордан мақсаттық трансфертті бағыттауға қатысты ескертулер айтылды. Сол себепті, үшжылдық бюджетте мақсаттық трансферт есебінен жоспарланатын республикалық бюджеттің шығындарын бағыттау қайта қарастырылды, - деді Татьяна Савельева. 

Сондай-ақ ол қаражаттың қайда жұмсалатынын айтты. 

Қаражат «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға, жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттерінің өтемақысын төлеуге, газ тасымалдау және көлік, сумен жабдықтау жүйесін дамыту сынды маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталады, - деді вице-министр. 

Өзгелердің жаңалығы