«ҚазТрансГаз Аймақ» филиалына 3,2 миллион теңгеге айыппұл салынды

21 Сәуір 2023, 17:04
688
Бөлісу:
«ҚазТрансГаз Аймақ» филиалына 3,2 миллион теңгеге айыппұл салынды
Фото: krisha.kz

Тұтынушылар компанияның заңсыз әрекеттеріне қатысты шағым жасаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің (ТМРКД) Атырау облысы бойынша департаментінің атына 2 тұтынушыдан «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының Атырау өндірістік филиалының газбен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттарды беруден бас тарту бойынша заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымдар келіп түскен болатын.

Жоғарыда көрсетілген шағымдар негізінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалына қатысты табиғи монополиялар туралы заңнама нормаларының сақталуы тұрғысынан жоспардан тыс тексеру тағайындады.

Тексеру нәтижесі бойынша 2021 жылғы 9 желтоқсанда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалына қатысты әкімшілік іс қозғады және тұтынушыларға газбен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттар беру арқылы табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарды.

Алайда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы ТМРКД-ның аталған нұсқамасын заңнамада белгіленген мерзімде орындамады және оған Атырау облысы бойынша Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым келтірді.

ҚР Жоғарғы Соты 2023 жылғы 23 ақпанда Атырау облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 11 наурыздағы шешімін және Атырау облыстық сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 маусымдағы қаулысын өзгеріссіз қалдыруды, ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды қаулы етті.

Бүгінгі таңда тұтынушыларға газбен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттар берілді. Сондай-ақ 2023 жылғы 24 наурыздағы қаулысымен «ҚазТрансГаз Аймақ» Атырау өндірістік филиалына 3 267 040 теңге көлемінде айыппұл салынды, ол субъектімен толықтай төленді.

Өзгелердің жаңалығы