«Қазмұнайгаз» басшысы Жаңаөзенде еңбек ұжымдарымен кездесті

13 Тамыз 2023, 05:23
1053
Бөлісу:
«Қазмұнайгаз» басшысы Жаңаөзенде еңбек ұжымдарымен кездесті
Фото: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі

«Қазмұнайгаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іссапар барысында ҚМГ еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның (ӨМГ) жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностика жасау цехына барды.

Аталған цех жылына 400 мың сорғы-компрессор құбырларды, 300 мың сорғы штангаларын, 10 мың штангалы терең сорғыларды жөндеуге мүмкіндік береді. Пайдалануға берілген 2012-2013 жылдары цехтың Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де баламасы болған жоқ.

Алайда, жылдар өте келе жөндеу жабдықтарының тозуына байланысты оның жұмыс тиімділігі төмендеді. Жөндеу бригадаларына қабылдау көпірлері, превенторлар, гидрокілттер, спайдер секілді жабдықтар жетіспейтіні байқалады. Мұның барлығы ұңғымалардың тұрақты жұмысы мен қауіпсіздігіне әсер етеді.

Осыған байланысты «Жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностика жасау цехын жаңғырту» жобасына сай, жөндеу жабдықтарын жаңарту жоспарланып отыр. ӨМГ бас директоры Нұрдәулет Килыбайдың айтуынша, жаңғырту жұмысы диагностика және жөндеу желісінің өнімділігін арттырады.

ҚМГ басшысы цех жұмысымен танысқаннан кейін «ӨзенМұнайСервис» ЖШС, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС, «КенҚұрылысСервис» ЖШС, «KMG EP» Catering» ЖШС, «Бұрғылау» ЖШС, «Кезби» ЖШС секілді Өзенмұнайгаздың басқа да мердігер ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Жиында қызмет көрсететін және жөндеу жұмыстарымен айналысатын ұйымдардағы еңбек ұжымдарының әлеуметтік жағдайы талқыланды.

Еңбек ұжымдарымен қарым-қатынасты нығайтуға шақырамын, жұмысшылармен жиі кездесу өткізу аса маңызды. Өз ұйымдарымызда қаржылық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету — ортақ мақсатымыз, — деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Бүгінгі таңда Өзенмұнайгазбен 30-дан астам мердігер ұйым жұмыс істейді. Жалпы, кәсіпорын жұмысына 20 мыңнан астам адам жұмылдырылған.

Өзгелердің жаңалығы