Қазірдің өзінде халқымыздың болмысы, құндылықтары, сана-сезімі мен дүниетанымы өзгеріп жатыр – Президент

Мемлекет басшысы әкімшілік рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету және сот тәуекелдерін жүйелі басқару қажеттігін атап өтті.

 Ақорда Бүгiн 2026, 12:37
Бүгiн 2026, 12:37
129
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» форумында әкімшілік әділетті одан әрі дамыту және мемлекеттік басқару сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы сот шешімдеріне көңілі толмайтын азаматтардың әрдайым болатынын айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдай кез келген құқықтық жүйеге тән.

Сот шешімдеріне көңілі толмай, олардың үмітін ақтамағанын немесе ақтамай отырғанын айтатын азаматтар аз емес. Бірақ мұндай жағдай бұрын да болған, қазір де бар. Осындай жария түрде айтылатын пікірлердің басым бөлігі реніштен туындайды, яғни субъективті көзқарас болып табылады. Соған қарамастан, мұндай пікірлер мұқият тексеріліп, түптеп келгенде әділ шешім қабылдануы керек, – деді Президент.

Әкімшілік әділет Конституцияда бекітілді

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік әділеттің Конституцияда дербес сот ісін жүргізу түрі ретінде бекітілуінің маңызына ерекше тоқталды.

Сондықтан жаңа Конституцияда әкімшілік әділеттің дербес сот ісін жүргізу нысаны ретінде бекітілуі принциптік тұрғыдан аса маңызды, – деді ол.

Президенттің айтуынша, ендігі міндет – сот арқылы шағымданудың салдарын жоюға бағытталған тәсілден бас тартып, сот тәуекелдерін басқарудың жүйелі моделіне көшу.

Барлық мемлекеттік орган үшін бірдей қағида болуы керек

Мемлекет басшысы мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде әкімшілік рәсімдер мен шешімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет екенін айтты.

Орталық және жергілікті деңгейлерде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет. Бұған дейін шағымдар мен өтініштер түскен бірдей мәселелер кейін сот дауына айналмауы тиіс. Әкімшілік тәжірибенің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету керек, – деді Тоқаев.

Жария-құқықтық даулар әкімшілік сот өндірісіне берілуде

Президент жария-құқықтық дауларды әкімшілік сот ісін жүргізу аясына көшіру бағытындағы жұмыстарға да тоқталды.

Оның айтуынша, өткен жылы бұл өзгерістер бұрын азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралған заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге дау айту істеріне қатысты енгізілді.

Мемлекет басшысы әкімшілік әділетті одан әрі жетілдіру мемлекеттік басқару сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Президент Жаңа Ата Заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналғанын айтты

Наверх