22 жасар Венгрия азаматшасы Богларка Фехер қобызды үйрену үшін арнайы Қазақстанға келген, деп хабарлайды Түркістан облысының BAQ.KZ тілшісі.
Қазақтың киелі аспабы мен күй өнеріне деген махаббат жетелеп әкелген Богларка қазіргі таңда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің спорт және өнер факультетіндегі дәстүрлі музыка мамандығының 3-курс студенті. Ол қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай қобызбен қатар домбыраны да керемет тартады. Әңгімесін де ә дегеннен «Біз мажарлар скифтердің, ғұндардың ұрпақтары боламыз, тамырымыз бір» деп бастады ол.
– Богларка, сенің ютубтан қобыз тартып отырған өнеріңді көріп сүйсініп, сұхбат аламын деп шештім. Қазақшаң да өте жақсы екен. Қазақстанға қалай, қай жылы келдің? Оқырмандарға өзіңді таныстырып өтсең?
– 2014 жылы Тұран ансамблі Мажарстанға келіп, концерт қойған болатын. Сол кезде ансамбльдің шығармашылық репертуарларын көріп қатты сүйсіндім, жүрегім елжіреп кетті. Сол кезден бастап мен Қазақстанды, қазақ мәдениетін, тілін, халқын қатты жақсы көріп кеттім десем де болады. Сіздердің еліңізге деген махаббатым сол жылдары ашылды. Ал Қазақстанға алғаш рет табаным 2016 жылы Сапар Ысқақовтың шақыруымен «Тілеп Аспантайұлы атты халықаралық ысқышты аспаптық музыкалық байқауына» келгенде тиді. Сапар ағаға өте ризамын, себебі сол кісінің арқасында өзім соншалықты армандап жүрген Қазақстанға алғаш рет келуге мүмкіндік алдым. Содан кейін Қазақстанға тағы да бірнеше рет осындай музыкалық байқауларға қатысу үшін келіп тұрдым. 2017 жылы Алматы қаласында өткен Сәуле Жанпейісова ұйымдастырған «Аманат», 2018 жылы Астана қаласында өткен тағы да «Тілеп Аспантайұлы атты халықаралық ысқышты аспаптық музыкалық байқауына» келдім. Ал 2019 жылы Түркістанда дайындық факультетінде бір жыл оқыған соң, 2020-да мамандық бойынша үйрене бастадым
– Жалпы, қазақ-түрік университеті туралы алғаш кімнен естідің? Неліктен осы оқу орнын таңдадың?
– Халықаралық қазақ-түрік университеті туралы Мандоки Оңайша апай мен Мұқаметқали Мәншүк апайдан естідім, солардың арқасында қазір аталған университетте оқып, білім алып жатырмын. Осы кісілер университет таңдауға және Қазақстанда мүмкіндік табуға көмектесті. Өйткені, мен Қазақстанға қобыз аспабын жақсылап үйрену үшін келдім. Мысалы Венгрияға Қазақстаннан оркестрлік аснсамбльдер келсе біздің халқымыз қуана қарсы алады, себебі қазақтың музыкасын жақсы көреді. Венгрияда қазақтың күйлерін тыңдаушылар бар. Жақында Тұран ансамблінің Еуропада гастролдік туры болып өтті. Венгр халқы «Тұранды» өте жақсы қабылдады.
– Жалпы, қанша аспапта ойнай аласың? Неліктен қобызды таңдадың? Ұстаздарың туралы айта кетсең?
– 6 жасымнан бастап музыка мектебінде 12 жыл бойы виолончель аспабын үйрендім. Бұдан бөлек фортепиано және де венгр ұлттық фуруйя үрмелі аспабын тарта аламын. Ол сіздердің сыбызғыларыңызға кішкене ұқсас. Ал қобызды неліктен таңдадым деген сұраққа келсек, негізі арнайы қобызды таңдаған жоқпын. Қобыз өнері маған құдайдың сыйлығы ретінде келген екен. Қазір түсіндірейін. Мажарстанда Regélő Fehér Táltos dobcsapat деген дауылпазбен ән салатын ансамбль бар. Олар туған жер, ата-бабаларымыз бен ежелгі құндылықтар туралы ән айтады. Мен де сол топтың қатарында ән салғанмын. Сол ансамбльге Венгрияда арнайы қобыз жасатқан екен. Сол қобызды маған берді. «Богларка, сен виолончельді жақсы білесің, бұл да ысқышты аспап, тартып көрші, дыбысы қалай шығады екен?» деді. Тартып көрдім де бірден ұнатып, өзіме арнайы Венгрияда қобыз жасаттым. Қазір қарап тұрсам мені Қазақстанға осы аспап әкелген екен. Қобызды виолончель бойынша алған білімімнің негізінде өз бетімше үйрене бастадым. Содан кейін «Тұран» ансамблінің қобызшысы Мақсат Медеубектен онлайн сабақ алып жүре бастадым, қазір де Мақсат ағадан сабақ алып жүрмін. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында қобызбен қатар домбыраны да үйренудемін, ұстазым Ерасыл Қаумбаев. Ұстаздарым өте мықты музыканттар, оларға өте ризамын. Жалпы, қобыз бен домбыраны қосқанда осы екі аспапта қазақтың 20-25 күйін тарта аламын. Өзімнің де шығарған бірнеше күйлерім бар. Күйлер ғана емес ән де жазамын, яғни туған жер, ата-бабаларымыз туралы, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік, жақсылық туралы тақырыптарда жазамын. Жеке альбомым да шықты, 15 дайын әнім бар, Әндерімнің барлығы мажар тілінде жазылған. Олардың сөзін де, әуенін де өзім жаздым. Осы әндерді дауылпазбен сүйемелдеп айтамын. Қобызға арналған «Дала сыры» атты күйім, ал домбыраға арналған мажарлардың тарихына байланысты «Інжу өзен» деген күйім бар.
– Мажар мен қазақтардың қандай салт-дәстүрі қатты ұқсайды?
– Қазақтар жылқы малын ерекше қастерлейді ғой, біз де жылқыны өте жақсы көреміз. Себебі біздің ортақ ата-бабаларымыз ғұндар мен сақтар атқа мініп, садақ атқан халық. Өкінішке қарай мен атқа міне алмаймын, дегенмен соны үйренгім келеді. Еуропада мажарлар да жылқыға мініп, садақ атуды жақсы білген. Елімізде Кашшаи Лайош деген кісі осы дәстүрді қайта жаңғыртып, атқа мініп садақ ататын мектептер ашып мажарларға үйретіп жатыр. Көптеген шетелдерге барып, өзіміздің ата-бабаларымыздың керемет дәстүрімен өзге халықтарды таң қалдырды. Одан бөлек Венргияда жылқыны керемет баптайтын кісілер бар, оларды чикоош деп атайды. Олар мысалы қатар кетіп бара жатқан екі жылқыға тұрып тұрған күйі мініп жүре алады, ал төрт жылқы байлайтын болса артқы екеуінде тұрып жүре алады. Жылқының халық ертегілерінде де өте маңызды ролі бар, алтай халқымен де ұқсастықты байқадым. Олардың эпостарында қаһармандардың ерекше жылқысы бар. Адамша сөйлей алады, иесіне ақыл-кеңес береді, ұша алады, басқа дүниелерге апара алатын ерекше ғажайып жылқы. Жалпы, мажар мен қазақтың ұқсастығы көп. Бірақ мажар тілі түркі тектес тілдерге жатпайды. Соған қарамастан қазақ тілімен ұқсастықтары бар, біздің тіл де жалғамалы тіл. Сосын ана деген сөз бізде аня, балта, сакал, кичи, алма осындай ұқсас сөздеріміз бен ұқсас жалғаулар бар. Мажарлардың әсіресе мың жыл бұрынғы ою-өрнектері мен қазіргі қазақтың ою-өрнектері арасында да ұқсастықтар өте көп екен. Хуска Йожефтің «Мажар Тұран орнаментикасы» атты кітабында мажардың, ежелгі хұндар мен скифтердің ою-өрнектері туралы көптеген ақпараттар жинаған. Тағамдар бойынша да ұқсастықтар бар, мәселен жеті шелпек пісіру. Біз де дәл сіздер сияқты пісіреміз. Бірақ бізде шелпектің бетіне қаймақ, ірімшік жағады. Әсіп бізде де бар. Сіздер суда пісірсеңіздер, бізде пеште пісіреді. Бұған дейін ішекке күріш пен етті толтырып пісіретін әсіп тағамы тек бізде ғана бар деп ойлайтынмын. Алғаш Түркістанға келгенде дастарханда тарелкада тұрғанын көріп таң қалдым.
– Қанша тіл білесің?
– Өзімнің ана тілім мажар, ағылшын, неміс, қазақ, түрік, аздап орыс тілін де білемін. Қазақ тілін 2016 жылдан бастап үйрене бастадым. Мандоки Қоңыр Иштван мажардың ұлы шығыстанушысы, қыпшақтың тамырын зерттеген ғалым болған. Оның жары Оңайша апай қазір Венгрияда тұрады, мен қазақ тілін осы Айша апайдан үйрендім. 16 апта яғни әр апта сайын бір реттен сабақ болған екен. Мандоки Оңайша апайдан тек қана тілді емес, қазақтың салт-дәстүрлері мен құндылықтарын, менталитеті мен мәдениеті бойынша көп нәрсе үйрендік. Ал Қазақстанға келген кезде Үржамал Әмірханқызы Ыбыраевадан университетте бір жыл бойы үйрендім, осы апайларға үлкен рахмет. Ал қазақ тілін шетелдіктердің үйренуі үшін қалай қызықтыруға болады деген сауалыңызды білмедім. Егер мен сияқты қазақ мәдениеті мен өнеріне ғашық жандар болса, олар өздері-ақ келіп іздеп, үйреніп алады деп ойлаймын.
Венгр мәдениеті өте бай, мажар болғаныма, сол жерде туғаныма өте ризамын. Туған жерімді шексіз жақсы көремін. Біз барлық мажарлар мажар тілінде сөйлейміз. Мажар тілін білмейтін мажар жоқ. Қазақстанға да осыны тілер едім. Негізі Қазақстанда да солай деп ойладым. Бірақ өкінішке қарай қазақша білмейтін, орыс тілінде ғана сөйлейтін қазақтарды көргенде таң қалдым. Әрине бұл мәселенің тарихи себептері бар екенін білемін. Бірақ қазақ болған соң, Қазақстанда жүрген соң өз ана тілін міндетті түрде білу керек. Жеке адам идентификациясы үшін де және халық үшін де. Егер тілді өздеріңіз сақтамасаңыздар, онда кім сақтайды? Дұрыс, орыс тілін халықаралық байланыс үшін білген өте жақсы, пайдалы тіл, бірақ бірінші орында қазақ тілі болу керек деп ойлаймын.
– Қазақтар мажарлардан нені үйренгені дұрыс деп ойлайсың? Нені ұсынар едің?
– Қазақтар мажарлардан не үйренсе дейсіз бе? Сіздерде жасы үлкен адамды қатты сыйлайды екен. Ол өте тамаша нәрсе. Ал бізде бар адамды яғни үлкен-кіші болсын, ер адам, әйел адам болсын, бала болсын, жасына қарап бөлмейді, барлығын бірдей сыйлайды. Сосын бізде адамның уақытын қатты сыйлайды. Біз барынша кешікпеуге тырысамыз, егер кешіксек, бара алмай қалсақ міндетті түрде ескертеміз. Себебі, уақыт алтыннан қымбат. Басқалардың уақытын босқа алуға болмайды. Біздің бір ақынымыз Wass Albert «бес минут кешіккен адам, оны күткен кісінің өмірінен бес минут уақытын ұрлап алады және сол ұрлап алған уақытты еш қайтара алмайды» деп айтқан. Сол себептен барынша кешікпейміз. Ал мұнда менің байқағаным кейбір жұмыстарды көбіне соңғы минуттарға қалдырып жатады. Сол себепті шаруаларды тез бола қалу үшін асығыс күйзеліспен жасайды. Оның басқаша да жолы бар. Мысалы бізге кез келген концерт, білімге, университетке қатысты жиналыс болсын нақты қашан өтетінін білеміз, біздерге ақпаратты уақтылы береді. Сосын дайындықты ерте бастап кетеміз, сондықтан біз қандай жұмыс болсын асықпай, күйзеліссіз жүзеге асырамыз. Айтайын дегенім, сіздерге өзге адамдардың уақытына сыйластықпен қараса екен деген кеңес беремін.
– Адамдарға қандай ой жеткізгіңіз келеді?
– Әрбір адамның ішінде құдайдың жақсылығы бар деп ойлаймын. Өзіміз де үнемі сол жақсылықты байқап, айналамызда болып жатқан әрбір нәрсеге риза болсақ, отбасымызға, туған-туыстарымызға, достарымызға, күнделікті жейтін асымыздың барына шүкіршілік етсек, біз бақытты бола аламыз. Мысалы, бүгін ауа райы тамаша болып тұр, сіз оны байқасаңыз да, байқамасаңыз да болады. Сондықтан қолда барымызға қанағат ете білу үлкен бақыт.