Қазақстанның пошта қызметі әлемдік ТОП-50-ге кіріп, Орталық Азияда бірінші орын алды

Қазақстан пошта қызметі әлемдік рейтингте ТОП-50-ге еніп, Орталық Азияда көш бастады. Цифрлық даму елдің позициясын бірден 16 сатыға көтерді.

20 Қараша 2026, 10:18
АВТОР
 kazpost.kz 20 Қараша 2026, 10:18
20 Қараша 2026, 10:18
81
Фото: kazpost.kz

Қазақстан 2026 жылғы пошта байланысын дамытудың интеграцияланған индексінде 181 елдің арасында 42-орынға ие болды. Рейтингті БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі – Дүниежүзілік пошта одағы жасайды. Қазақстан 74,9 балл жинап, Орталық Азияда көш бастады. Сонымен қатар Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Израиль және Грекиядан жоғары нәтиже көрсетті.

Жалпы рейтингтегі орынды біз елдер балл көрсеткішіне қарай реттелген баяндаманың қорытынды кестесі негізінде есептедік.

Норвегия мен Португалия қатарында

Рейтинг қорытындысы бойынша Қазақстан пошта қызметінің даму деңгейі бойынша он деңгейдің сегізіншісіне кірді. Бұл топта Норвегия, Португалия, Үндістан, Чехия және Люксембург те бар.

Дүниежүзілік пошта одағының бағалауынша, осы деңгейдегі елдердің пошта қызметтері халық пен бизнеске сенімді қызмет көрсетіп, экономиканың тұрақтылығын едәуір нығайтады.

Индекс пошта қызметін төрт бағыт бойынша бағалайды. Олар – ел ішіндегі жеткізу сенімділігі, халықаралық байланыстар, пошта қызметтеріне сұраныс және дағдарыстарға төзімділік.

Қазақстан тұрақтылық көрсеткіші бойынша 88,2 балл, жеткізу сенімділігі бойынша 84,9 балл жинап, жоғары бағаланған. Ал халықаралық байланыстар бағыты бойынша 68,9 балл алды.

Цифрландырудың арқасында алға жылжыды

Биыл Қазақстанның көрсеткішін ерекшелендірген басты фактор – қосымша балдар болды. Олар пошта статистикасының сапасы, цифрлық қызметтердің дамуы, одақ сауалнамаларына қатысу және шығарындыларды азайту үшін беріледі.

Қазақстан мүмкін болған 14 балдың 11,7-сін жинады. Бұл әлемдегі төртінші нәтиже. Одан жоғары көрсеткіш Франция, Швейцария және Босния мен Герцеговинада тіркелген.

Қосымша балдар Қазақстанның рейтингтегі орнын бірден 16 сатыға көтерді. Бұл – биылғы рейтингтегі ең үлкен өсім. Осындай серпіліс тек Зимбабведе байқалды.

Биыл одақ алғаш рет пошта операторларының цифрлық жетілу деңгейін де есепке алды. Яғни халық пен бизнеске ұсынылатын онлайн-қызметтердің түрі мен сапасы бағаланды.

Қазақстан өңірдегі көршілерінен озық

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Өзбекстан 66,1 балл, Қырғызстан 53,6 балл, Түрікменстан 32,7 балл, Тәжікстан 22,7 балл жинады.

Сонымен қатар Қазақстан бірқатар ірі экономикалардан да жоғары нәтиже көрсетті. Түркияның көрсеткіші – 74,4 балл, БАӘ – 73,4, Сауд Арабиясы – 72,5, Ресей – 70,9, Израиль – 69,2, Грекия – 64,9 балл.

Рейтинг көшбасшылары кімдер?

Рейтингтің бірінші орнында 111,7 балл жинаған Швейцария тұр. Сондай-ақ Германия, Франция, Жапония, Австрия, Австралия және Таиланд пошта қызметінің даму деңгейі бойынша ең жоғары, оныншы деңгейге кірді. Таиланд Азия-Тынық мұхиты өңірінде осы топқа енген алғашқы ел болды.

Индекс биыл оныншы рет жарияланды. Осы жылы елдердің орташа көрсеткіші 52,2 балдан 55,8 балға дейін өсті. Ал 58 ел рейтингтегі даму деңгейін кемінде бір сатыға жоғарылатты.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан «жұмсақ күш» рейтингінде бес сатыға көтеріліп, Орталық Азияда бірінші орынға шыққаны хабарланды. Еліміз 193 елдің ішінде 82-орынға тұрақтап, өңір көшбасшысы атанды.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан әлемдік минералдар нарығында топ жарды: Үш ресурс бойынша үздік үштікке енді 

Наверх