Қазақстан әлемдік минералдар нарығында топ жарды: Үш ресурс бойынша үздік үштікке енді

Қазақстан хромит қоры, вольфрам мен барит өндірісі бойынша әлемдік рейтингте жоғары орындарға көтерілді. АҚШ есебінде тағы қандай көрсеткіштер тіркелді?

19 Қараша 2026, 16:05
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 19 Қараша 2026, 16:05
19 Қараша 2026, 16:05
105
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан хромит кенінің қоры бойынша әлемде жетекші орындардың бірін иеленіп, вольфрам, титан және барит өндіретін ірі мемлекеттердің қатарына кіреді. Бұл туралы АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) жыл сайынғы Mineral Commodity Summaries 2026 есебінде айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Зерттеу 90-нан астам минералдық шикізат түрін қамтиды. Есепте әлем елдеріндегі пайдалы қазбалардың өндірісі, өндіру көлемі мен қоры туралы мәліметтер келтірілген. 2025 жылға қатысты кейбір көрсеткіштер алдын ала бағалау негізінде жасалған.

Хромит: қоры бойынша екінші, өндіру көлемі бойынша үшінші орын

Қазақстан хромит кенінің қоры бойынша әлемде жоғары орындардың бірін иеленеді. АҚШ геологтарының бағалауынша, еліміздегі хромит қоры 230 миллион тоннаға жетеді. Есепте көрсетілген мемлекеттер арасында бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан тек Оңтүстік Африка Республикасынан (350 миллион тонна) кейін тұр.

Ал хромит кенін өндіру көлемі бойынша Қазақстан әлемде үшінші орында. 2025 жылы елімізде 7 миллион тонна хромит өндірілген. Салыстырмалы түрде, 2024 жылы бұл көрсеткіш 6,1 миллион тоннаны құраған.

Осылайша, әлемдік хромит өндірісінің шамамен 14 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Вольфрам: әлемдегі ірі үш өндірушінің қатарында

2025 жылы Қазақстанда вольфрам өндіру көлемі металл құрамына шаққанда 2,4 мың тонна деп бағаланған. Ал алдыңғы жылы АҚШ Геологиялық қызметінің есебінде еліміз бойынша бұл көрсеткіш тіркелмеген.

Есепте жеке көрсетілген мемлекеттер арасында Қазақстан вольфрам өндіруден Қытай мен Вьетнамнан кейін үшінші орынға жайғасқан.

Бұл ретте Қытай 67 мың тонна көрсеткішпен әлемдегі ең ірі вольфрам өндірушісі саналады. Ал Вьетнамда шамамен 3 мың тонна вольфрам өндірілген.

АҚШ Геологиялық қызметі Қазақстандағы Богуты кен орнында өндірістің басталғанын, сондай-ақ 2025 жылғы қазанда Қазақстан мен АҚШ-тың вольфрам қорларын игеру бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы жариялағанын атап өткен.

Титан: титан губкасын өндіруден төртінші орын

Қазақстан титан металын өндіруге қажетті негізгі шикізат саналатын титан губкасын шығару көлемі бойынша есепте көрсетілген мемлекеттер арасында төртінші орында тұр.

2025 жылы елімізде шамамен 16 мың тонна титан губкасы өндірілген. Бұл көрсеткіш бойынша Қытай, Жапония және Ресей Қазақстаннан жоғары орналасқан.

Ал Қазақстанның титан губкасын өндіру қуаты жылына 26 мың тонна деп бағаланады.

Барит: қоры бойынша үшінші орын

Қазақстан барит қоры бойынша да әлемдік деңгейде жоғары көрсеткішке ие. Еліміздегі барит қоры 85 миллион тоннаға бағаланған. Есепте қоры көрсетілген мемлекеттер арасында Қазақстан Қытай мен Ираннан кейін үшінші орында тұр.

2025 жылы Қазақстанда шамамен 700 мың тонна барит өндірілген. Бұл көрсеткіш елімізді есепте жеке аталған ірі өндіруші мемлекеттердің қатарына қосады.

Барит негізінен мұнай-газ өнеркәсібінде сұранысқа ие. Ол бұрғылау ерітінділерінің құрамына қосылып, ұңғымаларды бұрғылау кезінде қолданылады.

Қазақстанда өндірілетін өзге де пайдалы қазбалар

АҚШ Геологиялық қызметінің есебінде Қазақстанның басқа да минералдық шикізат түрлерін өндіру көрсеткіштері келтірілген.

2025 жылы елімізде:

  • 130 тоннаға жуық алтын;
  • 630 тонна күміс;
  • 710 мың тонна мыс;
  • 4,3 мың тонна молибден өндірілген.

Сонымен қатар кадмий өндіру көлемі 1,1 мың тоннаға бағаланған. Ал тау-кен өндіру секторында мырыш өндірісі шамамен 360 мың тоннаны құраған.

Зерттеу авторлары әлемдік хром ресурстарының едәуір бөлігі Қазақстан мен Африканың оңтүстігіндегі елдерде шоғырланғанын атап өткен.

Белгілі болғандай, Қазақстанда сирек минералдардың 800 мың тоннаға жуық қоры бар ірі кен орны ашылды.

Тағы оқи отырыңыз: Жер қойнауының құпиялары: Қазақстанның сирек минералдары туралы не білеміз? 

Маңызды минералдар үшін бәсеке: Қазақстанның саяси салмағы арта ма?

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан «жұмсақ күш» рейтингінде бес сатыға көтеріліп, Орталық Азияда бірінші орынға шыққаны хабарланды. Еліміз 193 елдің ішінде 82-орынға тұрақтап, өңір көшбасшысы атанды.

Наверх