"Қазгидромет" РМК еліміздің бірнеше аймағында ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің мәліметінше, кей өңірлерде күн күрт суытып, түнде үсік жүреді. Сонымен қатар найзағай ойнап, бұршақ жаууы және екпінді жел соғуы мүмкін.
Қарағанды облысында қатты жаңбыр жауып, бұршақ түседі. Найзағай ойнап, тұман түседі. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді.
Ұлытау мен Алматы облыстарында да найзағай, бұршақ және қатты жел болжанып отыр. Алматыда таңертең қатты жаңбыр жауады.
Жетісу облысының Алакөл маңында желдің екпіні 30 м/с-қа дейін күшейеді. Таулы аудандарда жауын-шашын күтіледі.
Қостанай, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде 0-3 градус аяз болып, үсік жүреді.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жаңбыр, бұршақ, екпінді жел күтіледі.
Павлодар мен Жамбыл облыстарында да найзағай ойнап, бұршақ жауады. Желдің жылдамдығы 28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында түнде тұман түседі, найзағай жарқылдайды.
Қазгидромет тұрғындарды ауа райы болжамына мұқият болуға және сақтық шараларын сақтауға шақырады.