МӘМС: Биыл жүйе қалай өзгерді?

МӘМС: Биыл жүйе қалай өзгерді?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүддені қорғауға бағытталған жүйе екені белгілі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жүйенің басты ерекшелігі де сол – тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайында әлеуметтік қорғауға бағытталған.

2025 жылы жүйеде қандай өзгерістер болды? Шолу жасап көрген едік.

Мемлекет денсаулық сақтауға ақша бөлуді азайтуы мүмкін бе?

Елде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруда бірқатар өзгеріс бар.

Осы орайда мемлекеттің денсаулық сақтау саласына қаржы құюына қатысты мәселе туындайтыны анық.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, жарна мөлшерлемелерін арттыру тек мемлекетке қатысты жоспарлануда.

Мемлекет қазына қаражаты есебінен МӘМС жүйесіне жеңілдікті санаттарға кіретін азаматтар үшін жарна төлейді. Олар: балалар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, жүкті әйелдер және басқалар. Қазіргі кезде мемлекет төлейтін жарна мөлшерлемелері бастапқыда жоспарланған көрсеткіштерден 3,5 есе төмен екен. Яғни 2025 жылы небәрі 2%-ды құрайды.

Талдау көрсеткендей, Қазақстанда жарна мен аударым мөлшерлемелері жалпы алғанда ең төменгі деңгейде. Мысалы, Словакияда – 14%, Словенияда – 13,45%, Литвада – 9%, Чехияда – 14,5%, - деген жауап ұсынды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

Ал МӘМС жүйесіне қосымша міндеттеме жүктелсе, қаржылық шығынға қалай төтеп береді?

Бірыңғай медициналық көмек пакетінің енгізілуі себепті МӘМС жүйесіне қосымша міндеттемелер жүктеліп отырған қазіргі жағдайда қаржылық жүйе өсіп келе жатқан шығындарға төтеп бере алмайды. Актуарлық есептеулердің қорытындысы осылай деп отыр. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекет төлейтін жарна мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылады. Демек, 2027 жылдан бастап есептеу базасының 2,5%-ы көлемінде, ал 2037 жылға қарай 5%-ға дейін көтеру көзделді.

Осылайша, 2015 жылы қабылданған "МӘМС туралы" заңның алғашқы редакциясында көзделген бастапқы қаржылық модельге ішінара ораламыз. Ол кезде мемлекет үшін жарна мөлшерлемесі 7% деңгейінде бекітілген.

Бұл шаралар келесі мүмкіндіктерді беруі мүмкін:

  • Жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін жарна мөлшерлемесін арттырмауға;
  • Жүйені ұзақ мерзімді перспективада тұрақты ұстау.

Қосымша қаржыландыру – бұл азаматтарға қосымша жүк емес, керісінше, ұлт денсаулығына салынатын инвестиция, - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

МӘМС жарнасы: 5 есе өсім

Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, ӘМСҚ-ға жасалатын жарна төлемінің шегі 5 есеге дейін өсетіні белгілі болды.

Осы орайда, жалақысы жоғары қызметкерлерге түсетін жүктеме артатыны анық. Мәселен, қазіргі ең жоғары 17 мың теңге жарна төлеп жүргендер 85 мың теңге төлеуге міндеттелуі мүмкін бе?

Мемлекет басшысы МӘМС жүйесін ауқымды жаңғыртуды, ұлт денсаулығын нығайту және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жүктеу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры берген ресми жауапқа сәйкес, МӘМС пакетіндегі айтарлықтай жүктемені азайту оның қосымша шығындарын арттыратыны сөзсіз. Осыған байланысты жүйенің қаржылық тұрақтылығы – маңызды шарттардың бірі болады. Себебі жеткілікті қаржыландырусыз барлық азаматтарға қажет жоғары деңгейдегі медициналық көмекті қамтамасыз ете алмаймыз.

Жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін екі бастама ұсынылады. Бұл заң жобасында мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігін арттыра түседі.

1) қызметкерлердің жарналарын есептеу базасының жоғарғы шегін көтеру;

2) мемлекет тарапынан МӘМС жүйесіне аударатын жарна мөлшерлемелерін арттыру.

2025-те МӘМС жарнасы қанша?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін жарналарды есептеу негізі ретінде ең төменгі жалақыны ескеріледі. Биыл ең төменгі жалақының мөлшері өзгеріссіз, 85 000 теңге көлемінде қалды. Сәйкесінше, жарналар мөлшері де өзгерген жоқ.

Жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін ставкалар да өзгеріссіз – 3% және 2% мөлшерін құрайды.

Тек біржолғы төлем мөлшері 21,5%-дан 23,8%-ға дейін артты.

Сондай-ақ жеңілдетілген санаттағы азаматтар үшін мемлекет тарапынан жарналар мөлшері өзгеріске ұшырады. Ол орташа айлық жалақының 1,9%-ынан 2%-ына дейінгі көлемді құрайды. Бұл көрсеткіш өткен екі жылдағы және биылғы қаржы жылының орташа айлық жалақысынан есептеледі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша елдегі орташа айлық жалақы – 364 295 теңге.

Осылайша, биылғы МӘМС төлемдерінің мөлшері төмендегідей:

Жұмыс берушілердің жарналары – қызметкердің табысынан 3%;

Жұмысшылардың жарналары – табыстың 2%-ы;

Біржолғы төлем төлеушілер – жалақы қорынан 23,8%;

Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жарналары – табыстың 2%-ы;

Жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын тұлғалардың жарналары – 5 950 теңге (АЕК-тің 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы, сәйкес қаржы жылының республикалық бюджет заңымен бекітілген);

Дербес төлеушілердің жарналары – 4 250 теңге (АЕК-тің 5%-ы);

Мемлекет тарапынан МӘМС-ке төленетін жарналар – 7 285,9 теңге.

МӘМС жарналарын "Қазпошта" АҚ, екінші деңгейлі банктердің кассалары мен мобильді қосымшалары, сондай-ақ терминалдар арқылы төлеуге болады.

Цифрлық жүйе енгізіледі

1 шілдеден бастап елімізде барлық медицина ұйымдарында МКАБЖ енгізіле бастайды.

Президенттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында денсаулық сақтау саласында Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі (МКТБЖ) енгізілу қолға алынды. Жаңа цифрлық құрал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қаржыландырылуын бақылауға мүмкіндік береді.

Биыл наурыз айында бірыңғай төлем жүйесінің пилоттық жобасы Ақмола облысындағы медициналық ұйымдарда іске қосты.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйе 1 шілдеден бастап бұл жүйе еліміздің барлық медицина ұйымдарында енгізілетінін алға тартты.

Жаңа цифрлық жүйе арқылы:

  • көрсетілген медициналық көмектің негізділігін үздіксіз бақылау және дербес есепке алу негізінде медициналық қызметтердің ашықтығы қамтамасыз етіледі;
  • негізсіз төлемдерді жоюға және медициналық қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуге болады;
  • медициналық көмекті көрсету кезіндегі қателіктер мен заңбұзушылықтар, соның ішінде "жалған көрсетілімдер" автоматты түрде анықталады;
  • медициналық қызметтер үшін тек нақты көрсетілген көмекке ғана төлем жүргізілетініне кепілдік беріледі.

Аталған жүйелер қаржыны тиімді пайдалану, жалған мәліметтерді болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.

Медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі медицина ұйымдарын пациенттердің нақты қажеттіліктеріне бейімделуге ынталандырады.

Ақмола облысындағы пилоттық жоба нәтижелері жаңа жүйенің тиімділігін көрсетіп отыр. Пилоттық режимнің өзінде-ақ жүйе 11 мыңнан астам медициналық көмектің бекітілген стандарттарға сәйкес келмейтін дерегін, соның ішінде жалған жазбаларды анықтаған.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша ұйымдастырушылық және қаржылық шаралар қабылданады. Осындай жаңашылдықтың арқасында медициналық қызметтерді қаржыландыру әділетті әрі тиімділігі артады. Ал пациенттерде сапалы әрі уақтылы ем алуға үміт оянады.

Келесі жылы жарна төлеудегі жеңілдік алынып тасталуы мүмкін

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу үшін қолданылатын табыс базасының жоғарғы шегін 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін көтеру ұсынылды. Бұл дегеніміз – жалақысы жоғары жұмыскерлер үшін МӘМС жүйесіне жарна төлеудегі жеңілдікті алып тастады білдіреді.

Аталған өзгерістер барша азаматтарға емес, тек 9% жалдамалы жұмыскерлерге (яғни ай сайын 850 мың теңгеден жоғары жалақы алатын, шамамен 508 мың адамға) және олардың жұмыс берушілеріне қатысты.

Бүгінгі таңда еліміздегі МӘМС моделінде регрессивті қаржыландыру қолданылады. Яғни табысы аз адамдар табысына шаққанда көбірек жарна төлеп отыр. Ал табысы жоғары азаматтар табысына шаққанда азырақ төлейді. Мысалы, ай сайын 1 млн теңге жалақы алатын азамат үшін қазірде нақты жарна мөлшерлемесі – 2% орнына небәрі 1,7%-ды құрайды. Өйткені табысты есептеу шегі 10 АЕК-пен шектелген. Ал 400 мың теңге алатын азамат 2% толық төлеуге міндетті. Жалақысы одан да жоғары адамдар үшін нақты мөлшерлеме тіпті 0,4%-дан аспайды.

Табысы төмен адамдар табысы жоғары адамдарға қарағанда көбірек жарна төлемеуі керек. Жүйені қаржыландыру әділ болуы тиіс: жарналар азаматтардың табыс деңгейіне сай болуы қажет. Ал қазіргі жағдайда әлеуметтік теңдік пен әділеттілік қағидасы толық сақталмай отыр. Сондықтан ұсынылып отырған тәсіл жауапкершілікті әділетті бөлуді көздейді. Бұл жаңа норма бойынша жоғары табыс алатын азаматтар ұтылмайды – олар барша халықпен тең негізде жарна төлейтін болады, - деп жауап берді қордан.

Ал табысы орта және төмен деңгейдегі халық, яғни басым көпшілігі – тек ұтады: олар алатын медициналық көмек көлемі ауқатты азаматтар есебінен қосымша қаржыландырылады.

Айта кетейік, әлемдік тәжірибеде табысқа салық салу кезінде жоғарғы шек белгілеу немесе регрессивті салық салуға жағдай жасау тәжірибесі қолданылмаған.

Бөлісу: