Ақтөбе облысында биыл күн ерте жылынды. Осыған орай қазір шаруалар ылғал жабу жұмыстарына кірісіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Қазгидромет" РМК деректері бойынша былтырғы қазан айынан бастап бүгінге дейін Ақтөбе облысында 155,0 мм жауын-шашын түскен. Ал сәуір айындағы ауаның орташа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болып отыр. Мұндай жағдайда диқандар топырақтағы ылғалды сақтау үшін уақытылы шаралар қабылдау керек.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаевтың айтуынша, өңірдің бірқатар аудандарында егін егу жұмыстары басталған, ал қалғандары науқанға мамыр айында кіріседі.
Биыл өңірде көктемгі егу егу жұмыстарын 806,4 мың гектарға жүргізу жоспарланып отыр. Оның 621 мың гектарына — жазғы, 438 мың гектарына — дәнді, 67 мың гектарына майлы дақылдар, сондай-ақ 107 мың гектарға мал азығы, 3,5 мың гектарға картоп және 3,4 мың гектарға көкөніс егіледі. Жалпы аумағы 268 мың гектарға сүр және сүдігер дайындалды. Биылғы егіс науқанына 51 мың тонна тұқым қажет болса, бүгінде барлық шаруашылық қажетті тұқыммен қамтылды. Алдын ала 41,7 мың тонна тұқымның сапасына сараптама жүргізілді, - дейді ол.
Бөлім басшысының айтуынша, биылғы науқанға облыс бойынша 6,2 мың тонна дизель бөлінген. Оны "АЗС-Лидер" ЖШС шаруашылықтарға жеткізіп береді. Қазіргі таңда өңірде 1 литр дизель бағасы — 253 теңге. Бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан.
Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша биылғы егіс науқанына 1,5 мың трактор, 100 егіс кешені, 1,4 мың тұқым сепкіш, 1,4 мың жер өндейтін техника жұмылдырылады. Олардың науқанға дайындығы — 97 пайыз.
Айта кету керек, былтыр облыста астық бітік шықты. Дәнді дақылдардан 14,1 центнер орташа өнімділікпен 606,2 мың тонна өнім жиналды.