Киев мэрі Виталий Кличко BBC-ге берген сұхбатында Украина бейбіт келісімге келу үшін Ресейге белгілі бір аумақтарды беруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл әділетсіз болғанымен, уақытша бейбітшілік үшін шешімнің бір нұсқасы болуы мүмкін.
Сценарийлердің бірі – аумақтан бас тарту. Бұл әділетсіз. Бірақ бейбітшілік үшін, уақытша болса да, бұл бір шешім болуы мүмкін, – деді ол.
Алайда 53 жастағы бұрынғы кәсіпқой боксшы, қазіргі саясаткер украин халқы ешқашан Ресейдің басқыншылығын мойындамайтынын баса айтадя.
Ол бұл пікірін Ресейдің зымыран мен дрон арқылы Киевке жасаған шабуылынан бірнеше сағат өткен соң білдірді.
Сол шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, 80-нен астамы жараланды. Бұл соңғы айлардағы Киевке жасалған ең жойқын шабуылдардың бірі болды.
Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы толық масштабтағы қақтығыс 2022 жылы бастады. Қазіргі таңда Мәскеу Украина аумағының шамамен 20 пайызын бақылауда ұстап отыр. Кличко Украинада өз елінің аумағынан бас тарту мүмкіндігін ашық айтқан ең жоғары лауазымды тұлғалардың бірі. Бірақ ол бұл шешімнің уақытша болуы мүмкін екенін де атап өтті.