Қазақстанның бидайы Грузияда үлкен сұранысқа ие

8 Тамыз 2019, 14:47
2135
Бөлісу:
Қазақстанның бидайы Грузияда үлкен сұранысқа ие

Алматы, BAQ.KZ. Грузияда жылына тұтынатын бидайдың тек 15%-ын ғана өсіреді. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлады.

Импортқа тәуелді болғандықтан, Грузия билігі Қазақстанмен келіссөздер жүргізуде. Тбилиси қаласында өткен басқосуға осы елдің экономика министрлігінің, сонымен қатар бидай және нан өнімдері қауымдастығының мүшелері, ал Қазақ елінен ірі отандық корпорация өкілдері қатысты. Тараптар бидай бағасы мен көлік шығынын өтеу үшін субсидия бөлу мәселесін талқылады. 

Грузия халқы жыл сайын 650 мың тонна бидай тұтынады. Астықтың дені Ресей мен Қазақстаннан әкелінеді. Алайда, грузиялық тарап тасымал барысында көлік шығыны шаш етектен деп налиды. 

«Осыдан 5-6 жыл бұрын Қазақстаннан келетін бидай импортына субсидия тоқтатылғаннан кейін соңғы кездері қазақстандық өнім елімізде бәсекеге қабілетсіз болды. Нарықтың 100%ін ресейлік бидай жаулап алды. Әрине Грузия үшін бұл ыңғайсыз жайт. Жағдайды әртараптандыру үшін 2 немесе 3 жеткізуші ел болғаны дұрыс. Сондықтан Қазақстанмен байланысты нығайту басты мәселенің бірі болып тұр», - дейді «Агриком» компаниясының директоры Кети Кублашвили.

Қазақстанда өсірілетін бидай Грузияда танымал. Соңғы 3-4 жылда оның импорты 20 процентке артты. Грузиялық мамандар қазақстандық өнімнің сапасына жоғары баға береді. Ал аймақта ұлттық валютаның құлдырауына байланысты нан бағасы да қымбаттамақ. 

«Бидай импортына тәуелдіміз. Кейбір диірмендерде ұнның бағасын реттедік. Биыл өзіміздің өніміміз аз болғанмен, бағаның тұрақталуына септігін тигізді. Ал валюта нарығында тұрақсыздық тіркелсе, баға қайта қаралатын болады», - дейді, бидай мен нан өнімдерін өндірушілер ассоциациясының төрағасы Леван Силагава.

Қазақстаннан келетін бидай Ресей мен Әзербайжаннан өтіп, теміржол арқылы жеткізіледі. Ресейден келетін астық арзан, дегенмен грузиндер сапасы жақсы қазақстандық өнімнен де дәмелі. Қазір тараптар екі ел арасындағы келіссөздердің нәтижесін асыға күтуде.

Өзгелердің жаңалығы