Қазақстанда 2026 жылы 59,3 мың оқушы орнына арналған 101 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 85-ін жыл соңына дейін, қалған 16-сын 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, салынып жатқан мектептердің 56-сы ауылдық жерлерде орналасқан.
Жаңа нысандардың құрылысы бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік берген. Атап айтқанда, жаңа оқу жылының басына дейін үш ауысымды 12 мектеп пен бір апатты мектептің мәселесі шешілген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда берген тапсырмасына сәйкес, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында еліміздің өңірлерінде 21 білім беру нысанын салу көзделген.
Балалардың сапалы білім алуына қолжетімділікті кеңейту және оларға қажетті кешенді қолдау көрсету мақсатында еліміздің 20 өңірінде жаңа форматтағы 20 инклюзивті мектеп-кешен салу жоспарланып отыр. Олардың құрамында оңалту және сауықтыру кабинеттері болады, - деді Жайық Шарабасов брифингте.
Жаңа мектептер салумен қатар, қолданыстағы білім беру инфрақұрылымын жаңартуға да басымдық беріліп келеді. 2019-2026 жылдары 1 916 мектепке күрделі жөндеу жүргізілген.
Бұған дейін Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынғаны хабарланды. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны бес есе, апатты мектептер екі есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есе қысқарды.