Қазақстанға Сауд Арабиясынан келетін саяхатшылардың саны 10 есе артты

16 Сәуір 2023, 17:33
656
Бөлісу:
Қазақстанға Сауд Арабиясынан келетін саяхатшылардың саны 10 есе артты
Фото: islam.in.ua/© Мар’яна Матвейчук

Бұл туралы Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Жидданың Сауда-өнеркәсіп палатасының басқарма төрағасы Мұхаммед Юсеф Нағимен кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Корольдік арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстандық дипломат шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай мен экожүйе құруға бағытталған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы реформалары мен жаңа бастамалары туралы айтып берді.

Берік Арын екі мемлекет арасында «Flynass» саудтық әуекомпанияның жоспарланған тікелей әуеқатынасын ашуы Қазақстан мен Сауд Арабиясының іскер топтарының өзара іс-қимылын жандандыруға қосымша серпін беретінін, сондай-ақ өзара туристік ағымды ұлғайтуға жол ашатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Елші өткен жылы Корольдіктің жетекші қалаларында өткізілген туристік роудшоулардың арқасында Қазақстанға туристік мақсатта келген Сауд Арабиясы саяхатшыларының саны ковидке дейінгі кезеңмен салыстырғанда 10 есе артқанын айтты.

Сауд азаматтары үшін Қазақстанды жаңа және перспективалы туристік бағыт ретінде ілгерілетудің осы табысты тәжірибесінің негізінде үстіміздегі жылғы мамыр айында туркомпанияларды, қонақүйлер бизнесінің өкілдерін, жергілікті әуекомпаниялар мен мүдделі бизнесмендерді тарта отырып, Жидда СӨП жанында кезекті роудшоу өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар, кездесу барысында Елші Жидда СӨП басшылығының қарастыруына туризм, ауыл шаруашылығы, энергетика және т.б. салалардағы бірқатар инвестициялық жобаларды табыстады.

Өз тарапынан Мұхаммед Нағи сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қолда бар әлеуетін жоғары бағалап, Жидда СӨП атынан іскерлік байланыстарды нығайтуға барынша жәрдемдесуге дайын екеніне сендірді.

Өзгелердің жаңалығы