Қазақстанға қай елдерден көп мигрант келетіні анықталды

20 Ақпан 2024, 10:47
3686
Бөлісу:
Қазақстанға қай елдерден көп мигрант келетіні анықталды
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты

Қазақстанда 12,8 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 12 882 шетел азаматы еңбек ететінін атап өтті.

Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 565 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 671 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 871 және 595 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 564 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 616 адам тартылды.

Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 657 жұмыс беруші бар. Оларда 456 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 97,2%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 326 адам (33,5%), өңдеу өнеркәсібі – 1 370 адам (10,6%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 298 адам (10%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 843 адам (6,5%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 600 адам (4,6%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 045 адам (31,4%), Үндістан – 1 152 адам (8,9%), Түркия – 1 110 адам (8,6%), Өзбекстан – 673 адам (5,2%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.

Өзгелердің жаңалығы