Қазақстандықтардың БАӘ-де демалуға сұранысы 86 пайызға төмендеді: Дубай турларының бағасы қаншадан?

4 Қараша 2026, 16:59
АВТОР
 ©️ BAQ.KZ коллажы 4 Қараша 2026, 16:59
4 Қараша 2026, 16:59
155
Фото: ©️ BAQ.KZ коллажы
Қазақстандықтар арасында Біріккен Араб Әмірліктеріне ұйымдастырылған турларға сұраныс 86 пайызға азайған. «Туристік Қамқор» қорының мәліметінше, салыстырмалы кезеңдерде туристер саны 158 мыңнан 22 мың адамға дейін қысқарған. Дегенмен туроператорлар сатылым біртіндеп қалпына келе бастағанын айтады. Қазір Дубайда екі адамға арналған бір апталық демалыс 476 мың теңгеден басталады. Туризм нарығындағы жағдай қалай өзгерді, курорттарда ахуал қандай және қазақстандықтар қай бағыттарды таңдап жатыр? BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.

БАӘ-де демалуға сұраныс 86 пайызға төмендеді

Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс қазақстандықтардың Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарына айтарлықтай әсер етті. 2026 жылғы наурыздағы оқиғалардан кейін бұл елге тур сату күрт азайған.

2026 жылдың басында бұл бағытта жағдай қалыпты болды. Туристер саны да жақсы еді. Өйткені БАӘ - туроператорларымыз үшін негізгі бағыттардың бірі. Алайда наурызда болған оқиғалардан кейін Әмірліктерге тур сату толығымен тоқтады, - деді «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы Инна Рей.

Қордың мәліметінше, сұраныс шамамен 86 пайызға төмендеген. Былтыр осы кезеңде БАӘ-ге 158 мың турист барса, 2026 жылы олардың саны 22 мың адамды құраған.

FUN&SUN Kazakhstan компаниясының франшиза бөлімінің басшысы әрі негізгі серіктестермен жұмыс жөніндегі менеджері Санат Мұратов та көктемде көптеген турист сапарын кейінге қалдырғанын немесе басқа бағытты таңдағанын растады.

2026 жылдың көктемінде өңірдегі оқиғаларға байланысты Әмірліктерге сұраныс айтарлықтай төмендеді. Туристердің бір бөлігі сапарын кейінге шегерсе, енді бірі басқа бағыттарға бет бұрды. Алайда тамыз айынан бастап сұраныстың тұрақты түрде қалпына келе бастағанын байқап отырмыз. Қыркүйек пен қазан айларындағы екі айдың қорытындысы бойынша былтырғы көрсеткіштермен арадағы айырмашылық екі еседен астам қысқарды. Бұл үрдіс әлі де жалғасып жатыр. Көктемдегі төмендеуге қарамастан, БАӘ қазақстандықтар жиі таңдайтын шетелдік үш бағыттың қатарында қалып отыр, - деді Санат Мұратов.

Қараша мен желтоқсанда Дубайда демалу қанша тұрады?

Туристер ағыны азайғанына қарамастан, БАӘ-ге арналған дайын турпакеттер арзандаған жоқ. Санат Мұратовтың айтуынша, қонақүйлер арнайы жеңілдіктер ұсына бастағанымен, әуе билеттерінің қымбаттауы турдың жалпы бағасына әсер еткен.

Иә, Әмірліктердегі қонақүйлер туристерді қайта тарту үшін бағаны белсенді түрде төмендетті. Бұл әсіресе төрт және бес жұлдызды қонақүйлерде байқалады. Көптеген қонақүй арнайы тарифтер мен қосымша қызметтер ұсынады. Алайда туристер үшін дайын турпакеттің жалпы құны арзандаған жоқ. Қонақүйлердегі жеңілдіктер әуе билеттері мен турдың басқа да құрамдас бөліктері бағасының өсуін өтей алмады. Сондықтан бюджеттік қонақүйлерге арналған турлар айтарлықтай қымбаттаса, төрт және бес жұлдызды қонақүйлердегі баға өсімі шамалы болды, - деп түсіндірді Санат Мұратов.

Туроператор ұсынған 2026 жылғы 3 қарашадағы мәлімет бойынша, екі адамға арналған жеті түндік демалыстың әуе билеті, қонақүй, таңғы ас және трансферді қамтитын жалпы құны:

 

Қараша айында Алматыдан ұшып, Дубайда екі адамға бір апта демалудың ең төменгі құны - 476 мың теңге. Бұл бір адамға тәулігіне шамамен 34 мың теңгеден.

Ал желтоқсанда дәл осындай демалыстың бағасы қымбаттайды. Мысалы, Астанадан ұшып, үш жұлдызды қонақүйге орналасатын турдың құны қарашадағы 481 мың теңгемен салыстырғанда кемінде 596 мың теңге болады. Баға ұшу күні мен бос орындардың болуына байланысты өзгеруі мүмкін.

Қор не себепті туркод беруді қайта бастады?

2026 жылғы 1 қазаннан бастап «Туристік Қамқор» қоры БАӘ-ге ұйымдастырылған сапарларға арналған туркод беруді қайта бастады. Инна Рейдің айтуынша, мұндай шешім әуе тасымалдаушыларының тәуекелдерді бағалауы мен әуе қатынасының қалпына келуін ескере отырып қабылданған.

Біріккен Араб Әмірліктеріне әуе рейстерінің қайта ашылуы ең алдымен негізгі тұрақты әуе тасымалдаушымыз жүргізген талдауға байланысты болды. Оның тәуекелдерді бақылаумен айналысатын арнайы мамандар тобы бар, - деп түсіндірді Инна Рей.

Сонымен қатар, қор төрайымы ұйымның белгілі бір бағыттың толық қауіпсіз екеніне өз бетінше баға бере алмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, шешім қабылдау кезінде әуе компаниялары мен мемлекеттік органдардың ұстанымы ескеріледі.

Дубайдағы жағдай қандай?

Турагент әрі саяхат жөніндегі кеңесші Қымбат Баубекова отбасымен бірге 15-22 қазан аралығында Дубайда демалған. Оның байқауынша, туристер саны айтарлықтай азайған. Бұл әсіресе әуежай мен жағажайларда байқалған.

2026 жылғы наурыздағы оқиғалардан кейін Дубайдың туристік өмірінде өзгерістер болғаны анық байқалады. Туристер ағыны едәуір азайған. Әуежайда демалушылар бұрынғыдан әлдеқайда аз болды, тіркеу орындарында кезек жоқтың қасы. Жағажайларда да адам аз, тыныш болды. Суы мөлдір еді. Ал Dubai Mall сияқты ірі сауда орталықтарында келушілер әлі де көп, - дейді Қымбат Баубекова.

Оның айтуынша, туристердің азайғанына жергілікті такси жүргізушілері де шағымданған. Саяхат кезінде ол кейбір бағыттар бойынша такси ақысының төмендегенін байқаған.

Сонымен қатар Қымбат Баубекова демалыс кезінде ешқандай шектеуге тап болмағанын айтты.

Сапарымыз кезінде Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты ешқандай қысым немесе қолайсыздық сезінбедік. Дубайда қала ішінде емін-еркін жүрдік, сауда орталықтарына, жағажайларға, мейрамханалар мен туристік орындарға бардық. Демалыс кезінде туристерге арналған арнайы ескерту де, шектеу де болған жоқ, - деді ол.

Рейстер тоқтатылса, туристерге қандай көмек көрсетіледі?

«Туристік Қамқор» қорының мәліметінше, шектеулер енгізілгеннен кейін қазақстандықтардан жүзге жуық өтініш түскен. Азаматтарды сапарға қатысты тыйымдардың себебі, рейстердің тоқтатылу мүмкіндігі және жолдамадан бас тарту тәртібі қызықтырған.

Инна Рей төтенше жағдай туындаса, туркоды бар туристерге кепілдік беру жүйесі аясында көмек көрсетілетінін түсіндірді.

Егер жағдай ушықса, заңда көрсетілген тәртіп пен ережелер қолданылады, - деді қор төрайымы.

Қымбат Баубекованың клиенттері де биыл наурызда осындай жағдайға тап болған. Ол кезде Дубайда демалып жүрген туристердің елге оралуын ұйымдастыруға тура келген.

2026 жылғы наурызда біздің турагенттіктің де Дубайда демалып жүрген туристері болды. Қалыптасқан жағдайға байланысты олардың елге қайтуы туристерді қолдауға арналған туркод тетігі арқылы ұйымдастырылды. Оларға тұратын орын мен күніне үш мезгіл тамақ берілді. Кейін туристер Алматыға аман-есен жеткізілді. Бастапқы бағыт бойынша олар Астанадан ұшуы керек болғандықтан, Air Astana әуе компаниясы Дубай - Астана бағыты бойынша пайдаланылмаған әуе билетінің құнын өтеді, - деп атап өтті Қымбат Баубекова.

Инна Рейдің айтуынша, турист сапардан өз еркімен бас тартқан жағдайда ақшаны қайтару мәселесі туроператормен жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес шешіледі.

Санат Мұратовтың мәліметінше, сапарларды тоқтату мен кейінге шегеру көрсеткіші 2026 жылдың көктемінде шарықтау шегіне жеткен. Қазір жағдай өзгерген.

Қазір жағдай керісінше. Күзгі броньдар бойынша БАӘ-ге сапардан бас тартқандардың үлесі былтырғы жылмен салыстырғанда шамамен үштен бірге азайды. Қазір Әмірліктерге тур брондайтын туристер шешімді ойланып қабылдайды және оны кейін өзгертуге сирек барады, - деді Санат Мұратов.

Қазақстандықтар БАӘ орнына қай елдерге баруды таңдайды?

Таяу Шығыстағы оқиғалардан кейін туристердің бір бөлігі Азия бағыттарына бет бұрған.

Санат Мұратовтың мәліметінше, Вьетнамға барған туристер саны шамамен 20 пайызға, Таиландқа баратындар бір жарым еседен астам, Қытайға сапарлайтындар екі есеге жуық артқан. Ал Шри-Ланкаға сұраныс 2,5 есе, Үндістанға баратын туристер саны жеті есе өскен.

Қазақстандықтардың шетелде демалуға деген жалпы қызығушылығы былтырғы деңгейде сақталып отыр. Алайда туристер таңдайтын бағыттар өзгерді. Бұрын Таяу Шығыс елдеріне баруды жоспарлағандардың бір бөлігі Азия елдерін жаңа демалыс бағыты ретінде таңдады, - деді Санат Мұратов.

Туроператор өкілінің айтуынша, қазақстандықтар жиі таңдайтын бес бағыттың қатарына Мысыр, Вьетнам, БАӘ, Таиланд және Қытай кіреді.

Қымбат Баубекова да өз клиенттерінің демалысқа қатысты таңдауы өзгергенін байқаған.

Мысалы, мамыр мен тамыз айлары аралығында туристеріміз Мысырға, сондай-ақ Вьетнамға, әсіресе Нячанг пен Дананг курорттарына баруға көбірек қызығушылық танытып, турларды белсенді сатып алды, - деді турагент.

Алайда Азия бағыттарына сұраныстың артуы қонақүйлерден бос орын табуға да әсер етіп жатыр.

Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне ұшу сегіз сағаттан асады. Оның үстіне бұл бағыттарға сұраныс жоғары болғандықтан, қонақүйлерден бос орын табу қиындады. Қонақүйлердің жүктемесі жоғары болғандықтан, броньды растамайтын жағдайларға жиі кезігіп жүрміз, - деп атап өтті Қымбат Баубекова.

Осылайша, 2026 жылдың көктемінде туристер ағыны күрт азайғанына қарамастан, БАӘ қазақстандықтар жиі таңдайтын бағыттардың қатарында қалып отыр. Тамыз айынан бастап Әмірліктерге демалуға сұраныс біртіндеп қалпына келе бастағанымен, қонақүйлердің жеңілдіктеріне қарамастан, тур бағасы былтырғыдан жоғары. Сонымен қатар туристер арасында балама бағыттарға, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қызығушылық артып келеді. Сарапшылар сапарды жоспарламас бұрын броньдау және ақшаны қайтару шарттарын, сондай-ақ күтпеген жағдайларға арналған туркодтың бар-жоғын алдын ала анықтап алуға кеңес береді.

Наверх