Қазақстандықтар үшін Швейцарияға баруға жеңілдетілген виза енгізілуі мүмкін

5 Шілде 2023, 13:05
703
Бөлісу:
Қазақстандықтар үшін Швейцарияға баруға жеңілдетілген виза енгізілуі мүмкін

Бұдан былай қазақстандықтар Швейцарияға жеңілдетілген визамен бара алуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.


Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Швейцария федералдық сыртқы істер департаментінің басшысы Иньяцио Кассиспен кездесу кезінде талқылағанын мәлімдеді.

Кассис мырзамен мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ су дипломатиясы мен су ресурстарын басқару мәселелері бойынша өзара шараларды қолдауға келістік. 
Сонымен қатар туристік салада жарнамалық науқандарды ұйымдастыру арқылы бірлескен іс-шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өттік. 

Екі ел азаматтардың арасындағы байланыстарды кеңейту жолдарды да ортаға салдым. Көптеген еуропалықтармен қатар Швейцария азаматтары да бес жылдан астам уақыттан бері Қазақстанға туристік немесе іскерлік виза рәсімдемей келе алады. Осыған байланысты, Кассис мырзадан Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету жөніндегі ресми консультацияларда қолдау көрсетуді сұрадым. Бүгін елдеріміздің мүдделерін қамтитын салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың болашағы зор деген ортақ ойға келдік. Қос тараптың бірегей мақсаты – Астана мен Берн арасындағы сан-қырлы әріптестік өрісін кеңейту бағытында нық қадамдар жасалатынына күмәнім жоқ, - деп атап өтті сыртқы саяси ведомство басшысы.

Сонымен қатар министр осы кездесудің қорытындысы екі ел арасындағы байланыстарды күшейтуге қосымша серпін беретініне сенім артқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, Швейцария Федералдық кеңесшісі, сыртқы істер федералдық департаментінің басшысы Иньяцио Кассис елімізге ресми сапармен келді.

Өзгелердің жаңалығы