Қазақстандықтар "Sax Invest" пирамидасына 9 млрд теңге салып жіберген

11 Қазан 2024, 10:36
292
Бөлісу:
Қазақстандықтар "Sax Invest" пирамидасына 9 млрд теңге салып жіберген
Фото: Нұркен Алишев -архив

Астанадағы «Sax Invest» қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша адамдар тобына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Компания өзін инвестициялық қор ретінде таныстырған, бірақ уәде етілген дивидендтер (ай сайын 2-3% - дан) қатысушыларға жаңа салымшылардан қаражат тарту арқылы ғана төленген.

Азаматтарға брокерлік қызмет көрсету, бағалы қағаздар нарығындағы сауда және Ангола Республикасында (Африка) алмаз өндіру жобасына инвестициялау бойынша қызметтерді орындауға сендіре отырып, қаражаттарын сенімгерлік басқаруға беру ұсынылған.

«Sax Invest» ресми сайтында тіркелу және жеке кабинетке кіру үшін жоба клиентінен сілтеме алу қажет, яғни жобаға кіру шақыру-сілтеме арқылы ғана жүзеге асырылған.

Бонустар жаңа салымшылар тартылған жағдайда өскен, оларды кейіннен компания жүйесі ішінде басқа тұлғаға аудару арқылы қолма-қол ақшаға айналдыруға болатынын айтқан.

Салымшылардың барлық ақшалай қаражаттары компанияның банктік шотына емес, ұйымдастырушының жеке банктік картасына аударылған.

2018 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде компаниядағы ақша айналымы 18 млн АҚШ долларына (9 млрд теңгеге жуық) жетіп, 3 000-нан астам салымшыны құраған, - делінген хабарламада.

«Sax Invest» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларының бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері тергеу мүддесінде жария етілуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Жыл басынан бері қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастырғаны және жарнамалағаны үшін, 35 адам мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Өзгелердің жаңалығы