Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда қашан заңды түрде еңбек ете алады?

20 Қыркүйек 2023, 16:49
1178
Бөлісу:
Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда қашан заңды түрде еңбек ете алады?
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Депутаттар Оңтүстік Кореяға жұмысқа кетіп жүрген отандастарымыз мәселесін палатаның жалпы отырысында көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы осы мәселеге қатысты Үкімет басшысына сауал жолдады.

Ресми дерекке сәйкес, 2022 жылғы жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда еліміздің 9 600 азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істеді. 2020 жылы Оңтүстік Корея аумағында заңсыз еңбек мигранттары ретінде жүрген қазақстандықтардың саны 8 902 адам болды.

Ресми сандар шынайы жағдайды көрсетпейді, себебі қазір Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық жүр, оны отандастарымыздың басын біріктіретін орталықтар растап отыр. Заңсыз жүрген еңбек мигрантының жағдайы түсінікті. Еңбек құқығы қорғалмайды, заңға сүйеніп жұмыс берушіден өз құқығын талап ете алмайды. Салдарын санамалап айтсам сұмдық. Мәселен 57 жасар қазақстандық Оңтүстік Кореяға еңбек мигранты болып барып көз жұмғанда оның денесін әкелу үшін туыстарының жылу жинап кеткені есімізде. Одан бөлек сол елдегі өндіріс орындарында қолынан айырылған, басқа да жарақат алған отандастарымыз маған арыздарын айтты. Себебі оларға ешкім өтемақы төлемейді, қажет десе жұмыс беруші оларды заңсыз еңбек мигранты ретінде құзырлы орындарға ұстатып жібере алады. – деп атап өтті депутат.

Нартай Аралбайұлы атап өткендей, отандастарымыздың құқығының қорғалмауының себебі екіжақты келісімшарт негізінде берілетін Е-9 уақытша еңбек визасы берілмеуі. Мемлекет басшысы 2020 жылдың қазан айында Үкіметке осы мәселені шешуді тапсырған болатын. Бірақ әлі күнге дейін бұл түйткілдің түйіні тарқаған жоқ.

Корея Республикасымен 16 ел, атап айтқанда, Қытай, Вьетнам, Филиппин, Таиланд, Индонезия, Шри-Ланка, Моңғолия, Өзбекстан, Камбоджа, Бангладеш, Пәкістан, Непал, Мьянма, Қырғызстан, Шығыс Тимор, Лаос Еmployment Permit System – EPS («Еңбек рұқсаттары жүйесі» - ЕРЖ) шетелдіктерді жұмысқа орналастыру жүйесіне қосылғанын білеміз. Аталған жүйеге Қазақстан неге қосыла алмай келеді? – деп сұрады ол Үкіметтен.

Үкімет жол картасын жүзеге асыру барысында жүргізілген дипломатиялық келіссөздер нәтижесінде, ү.ж. наурыз айында Корея Республикасы Үкіметі Қазақстанның көптеген сұрауларын ескере отырып, «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment Permit System (одан әрі - EPS) Қазақстан Республикасын енгізу мәселесін қайтадан қарастырып, тиісті келіссөздерді жүргізуге дайын екенін білдірді.

Корея тарапынан келіп түскен хатта Қазақстанды ЕРS-ге енгізуге қатысты қойылатын шарттар көрсетілген. Атап айтқанда, жұмысқа жіберу үшін тиісті инфрақұрылым мен нақты маманданған жіберуші органның болуы міндетті болып табылады. Корея тарапы қажет болған жағдайда тиісті мамандарын жіберіп, әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген. Бүгінге дейін екі ел арасында 7-ші раундтық келіссөз жүргізілген, бірақ әлі нәтиже жоқ. Тіпті аталған мәселелерді реттеу үшін арнайы миграция комитеті де құрылып еді. Бірақ олардың нәтижелі жұмысын көрмеді. Ал шетелде заңсыз заңсыз еңбек мигранты ретінде көзі жәудіреп мыңдаған қазақ баласы отыр. Нақты сұрақ, біріншіден, Қазақстан қашан «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енеді, қазақстандықтар қашан Оңтүстік Кореяда заңды еңбек мигранты ретінде еңбек ете алады? – деп сауал қойды Нартай Аралбайұлы.

Депутат Үкіметке мынадай ұсыныстар жолдады:

  • Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу үшін тиісті іс-шаралар жоспарын пысықтауды тапсырамын.
  • Екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты боп жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңдық тетікті табуды тапсырамын.
Өзгелердің жаңалығы