Қазақстандықтар онкологияның қай түріне көп шалдығатыны белгілі болды

4 Ақпан 2023, 16:07
1527
Бөлісу:
Қазақстандықтар онкологияның қай түріне көп шалдығатыны белгілі болды
Фото: acibadem.com

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, былтыр ел аумағында қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық 100 мың тұрғынға шаққанда 199,2-ге жеткен. Яғни алдыңғы жылға қарағанда   сырқаттанушылық 4,7 пайызға өсті деген сөз. 

Онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында бірінші орында дәстүрлі түрде сүт безі обыры, екінші орында – өкпе обыры, үшінші орында – колоректальды обыр, төртінші орында – асқазан обыры тұр. Өлім құрылымында бірінші орында – өкпе обыры, екінші орында – асқазан обыры, үшінші орында –колоректалды обыр және төртінші орында –  сүт безі обыры, - деп түсіндірді еліміздің бас онкологы. 

Ал әр үшінші науқас қатерлі ісіктің бастапқы сатысында дәрігерге көрінетіні анықталды. 

Қазіргі уақытта қатерлі ісік ауруын ерте кезеңде анықтау 29 пайызды құрайды. Яғни әрбір үшінші науқас бізге 0 және 1 обырдың сатыларымен келеді, бұл жалпы бізді қуантады. Жақсы көрсеткіш – онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің төмендеуі. Сонымен қатар бес жылдық өмір сүру көрсеткіші жақсарды. Қазір диспансерлік есепте 200 мыңнан астам онкологиялық науқас болса, олардың 55 пайызы 5 жыл және одан да көп өмір сүруде. Бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен, барлық өңірлерде онкологиялық аурулардың саны артқан. Мысалы, 2018 жылы бізде 32 мыңға жуық жаңа қатерлі ісік ауруы анықталса, биылдың өзінде онкологиялық аурулардың 39 мың жаңа жағдайы тіркелді, – деді Диляра Қайдарова.

Өзгелердің жаңалығы