Қазақстандықтар Кореяға жұмысқа қалай кете алады?

EPS жүйесі арқылы Кореяда жұмыс істеу үшін корей тілінен тест тапсырып, кәсіби білімі мен дағдыларын растау қажет. Алайда барлық кезеңнен өткеннің өзінде жұмысқа орналасуға кепілдік берілмейді.

21 Тамыз 2026, 10:48
АВТОР
 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 21 Тамыз 2026, 10:48
21 Тамыз 2026, 10:48
185
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстан азаматтарын Корея Республикасына жұмысқа орналастыру Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы жүзеге асырылады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жүйе бойынша кандидаттарды іріктеу тәртібін түсіндірді.

Іріктеу Алматыдағы EPS орталығында өтеді

Практикалық іріктеу Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Орталықта кандидаттардың корей тілін білу деңгейі EPS-TOPIK тесті арқылы анықталады. Сонымен қатар олардың кәсіби білімі мен дағдылары бағаланады.

Іріктеу кезінде азаматтың білімі, еңбек өтілі және кәсіби сертификаттары да ескеріледі. Кореяға аттанар алдында жұмысшылар үшін міндетті дайындық ұйымдастырылады.

Кімдер Кореяға жұмысқа бара алады?

EPS жүйесі бойынша Кореяға жұмысқа орналасуға 18-ден 39 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады.

Кандидат:

  • сотталмаған;
  • Корея Республикасынан бұрын күштеп шығарылмаған;
  • Кореяға кіруге тыйым салынбаған;
  • Қазақстаннан шетелге шығуына шектеу қойылмаған болуы қажет.

Үміткерлер белгіленген талаптарға сәйкес балдық жүйе бойынша бағаланады.

Қажетті талаптарға сай келіп, іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өткен азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Бұл үшін жарамды төлқұжаттың болуы және медициналық тексеруден өтуі міндетті.

Кореядағы жұмысқа кім қабылдайды?

Кандидаттың ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енуі оның Кореяда автоматты түрде жұмысқа орналасатынын білдірмейді.

Жеке мәліметтер базасында азаматтың білімі, кәсіби тәжірибесі, сертификаттары, тестілеу нәтижелері және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы ақпарат көрсетіледі. Осы мәліметтер негізінде кореялық жұмыс берушілер өздеріне қажетті қызметкерлерді таңдайды.

Яғни кандидаттарды түпкілікті таңдау құқығы кореялық жұмыс берушіге тиесілі.

EPS жүйесі бойынша Кореяға жұмысқа қабылданатын қазақстандықтардың саны жыл сайын Корея тарапы белгілейтін квотаға байланысты болады.

Еңбек шарты қалай жасалады?

Жұмыс беруші кандидатты таңдағаннан кейін оған еңбек шартын ұсынады. Құжатқа қол қоймас бұрын қызметкерге атқаратын жұмысы, жұмыс уақыты, еңбек жағдайлары және басқа да маңызды талаптар түсіндіріледі.

Екі тарап еңбек шартына қол қойғаннан кейін оның түпнұсқасы қызметкерге беріледі.

Кореяға аттанар алдында азамат Алматыдағы EPS орталығында алдын ала дайындықтан өтеді. Дайындық аяқталып, жұмыс визасы рәсімделгеннен кейін ғана ол Кореядағы жұмыс орнына аттанады.

Кореяда қанша уақыт жұмыс істеуге болады?

EPS жүйесі бойынша жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін. Заңнамада көзделген жағдайларда бұл мерзімді тағы бір жыл он айға дейін ұзартуға болады.

Белгіленген жұмыс мерзімін толық аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтып келген жұмысшыларға Корея Республикасына кейін қайта бару үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар қарастырылған.

Алаяқ делдалдардан сақ болу керек

Еңбек министрлігі Кореяда жұмыс істеуді жоспарлап отырған азаматтарға тек мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың ресми ақпаратын пайдалануды ескертеді.

Азаматтар «жұмысқа міндетті түрде орналастырамыз», «іріктеуден жедел өткіземіз» немесе «белгіленген тәртіптен тыс кандидаттар тізіміне енгіземіз» деп уәде беретін жеке делдалдарға құжаттарын немесе ақшасын бермеуі қажет.

Министрлік атап өткендей, бірде-бір жеке делдал Кореяда жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды, себебі кандидаттарды түпкілікті таңдауды кореялық жұмыс беруші жүзеге асырады.

Тіркеудің нақты қашан басталатыны, құжат тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK тестінің өткізілу мерзімі мен тәртібі және іріктеудің басқа кезеңдері туралы ақпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ресурстарында қосымша жарияланады.

Тағы оқи отырыңыз: Оңтүстік Корея Қазақстанға есік ашты: Жұмысқа қашан және қалай орналасуға болады? 

Наверх