Қазақстандықтар бірыңғай электронды билет арқылы барлық кітапханадан кітап іздей алады

4 Қаңтар 2024, 08:12
462
Бөлісу:
Қазақстандықтар бірыңғай электронды билет арқылы барлық кітапханадан кітап іздей алады
Фото: primeminister.kz

Қазақстанда кітапханалардың бірыңғай цифрлық платформасы пилоттық режимде іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде елімізде 11 мыңнан аса кітапхана түрлі ақпараттық жүйелер мен каталогтарды қолданып келеді. Еліміздегі кітап қорын жүйелеу үшін бірыңғай автоматтандырылған платформа жасақтау жұмысы басталды.

Мамандардың сөзінше, оның арқасында оқырмандар қажетті кітапты немесе оның электронды нұсқасын оңай таба алады. Жүйені енгізу аясында барлық кітапханаға кіру мүмкіндігі қарастырылған бірыңғай электронды оқырман билеті әзірленеді. Қолданушылар электронды үкімет порталы арқылы тіркеліп, билет алады.

Платформаны пилоттық режимде 2024 жылы іске қосу жоспарланған. Бастапқыда ол ірі кітапханалар базасында жұмыс істей бастайды.

Цифрлық платформа еліміздегі барлық кітап қоры азаматтарға қолжетімді болуы үшін әзірленіп отыр. Сондықтан ең алдымен электронды нұсқаға 10 ірі кітапхана өтеді. Ал қалғандары сәйкестендіру жұмыстарын қолға алуы керек. Кітап қоры толықтай сәйкес келген жағдайда кітапханалар оқырманға арналған іздеу бағдарламасын бейімдеуге тиіс, – деді премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Платформада кітап қорын онлайн толықтыру функциясы қарастырылған. Оны жеке баспалар да пайдалана алады: жарық көрген жаңа туындылар жүйеге енгізіліп, ақылы жазылушыларға қолжетімді болмақ. Осылайша жеке баспалар мен авторлардың мүдделерін қорғау жоспарланған.

Біз елдегі баспалар өкілдерімен кездесіп, кітаптарды жариялау тәртібін түсіндірдік. Олар ұсынылған шарттарға келісім берді, – деді мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев.

Өзгелердің жаңалығы