Қазақстандықтар Aitu арқылы көрімдік пен сүйінші жібере алады

Ұлттық Aitu мессенджерінде отбасылық чаттардың мүмкіндігі кеңейтіледі.

11 Тамыз 2026, 13:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 11 Тамыз 2026, 13:30
11 Тамыз 2026, 13:30
159
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Алдағы уақытта қазақстандықтар туыстарына ұлттық дәстүрлерге байланысты көрімдік, сүйінші, асар және садақа сияқты ақшалай аударымдарды қосымша арқылы жібере алады. Бұл туралы Үкімет отырысында BTS Digital компаниясының басшысы Мақсат Нұриденұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде ұлттық Aitu мессенджерінде 6,8 миллион пайдаланушы тіркелген. Платформаның ай сайынғы белсенді аудиториясы 1 миллион адамды, ал күнделікті қолданушылары 100 мың адамды құрайды.

Компания басшысы тіркелген пайдаланушылар саны мен тұрақты аудитория арасында айырмашылық бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұған дейін Aitu тек мессенджер қызметін атқарған. Ендігі мақсат – пайдаланушылардың қосымшаға күн сайын қайта оралуына себеп болатын жаңа мүмкіндіктерді енгізу.

Біз ұлттық дәстүрімізді, тілімізді және өмір салтымызды ескеретін ұлттық мессенджерді дамытып жатырмыз. Сондықтан онда әр отбасыға пайдалы болатын жаңа функциялар пайда болады. Бүгінде Қазақстанда 8 миллионнан астам отбасы бар және олардың басым көпшілігінің туыстармен байланысатын ортақ чаты бар. Мәселен, мұндай чаттарда фотосуреттерді сақтауға, маңызды оқиғалардың күнтізбесін жүргізуге, еске салғыштар алуға және түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік болады, – деді Мақсат Нұриденұлы.

Оның айтуынша, Aitu арқылы қазақстандықтарға үйреншікті ұлттық дәстүрлерге байланысты ақшалай аударымдарды жүзеге асыруға болады. Атап айтқанда, қосымшада көрімдік, сүйінші, асар және садақа жіберу функциясы іске қосылады.

Сонымен қатар сервисті дамытудың тағы бір бағыты – цифрлық шежіре. Пайдаланушылар өз әулетінің тарихын ыңғайлы форматта сақтап, толықтыра алады.

Компания басшысы қазақ тілін дамытуға да ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Қосымшада қазақ және орыс тілдері арасында автоматты аударма жасау мүмкіндігі қолжетімді болады.

Бұдан бөлек, мессенджерде eGov қызметтеріне сұраныс жіберуге арналған арналар, тұрғын үй, аудан және мектеп чаттары ашылады. Сондай-ақ пайдаланушылар сауалнама жүргізіп, есептегіш құралдарының көрсеткіштерін жолдай алады. Дәрігерлермен, полиция қызметкерлерімен және басқа да мемлекеттік қызметшілермен расталған байланыс арналары іске қосылады.

Жыл соңына дейін ай сайынғы белсенді аудиторияны 1,5 миллион пайдаланушыға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 3,8 миллионнан асады деп болжап отырмыз, – деді Мақсат Нұриденұлы.

Айта кетейік, тамыздан бастап мерекелік төлемдерді ЖИ тағайындайтыны хабарланды

Наверх