Қазақстандық теннисші АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына өтті

18 Маусым 2022, 13:40
1353
Бөлісу:
Қазақстандық теннисші АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық Денис Евсеев Канзас штатындағы Уичито қаласында (АҚШ) өтіп жатқан ITF турнирінің жартылай финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жарыстың бірінші ракеткасы Д.Евсеев ширек финалда отандасы Бейбіт Жукаевпен сынға түсті. 

Бірінші партияда тай-брейкте 21 жастағы Б.Жукаев әбжілдік танытты – 7:6 (7:1). 

Екіншісінде Д.Евсеев есе қайырды – 6:3. Үшінші, шешуші партияда Денис тәжірибесі мен шеберлігінің басым екендігін байқатты – 6:2.

 Қазақстандық қос теннисші арасында тартысты өткен матч 2 сағат 24 минутқа созылды. 

Д.Евсеев финалға шығу үшін франциялық Клеман Шидехпен таласады. Сонымен қатар Денис пен Бейбіт жұптық сында жартылай финалда өнер көрсетеді.

 Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ қазақстандық 5 жас теннисші Еуропадағы турнирлердің финалына шығып , Анна Данилина Испаниядағы жарыстың жеңімпазы атанды.

Өзгелердің жаңалығы