Қазақстандық тасымалдаушылар үшін жаңа мүмкіндік: Үш елге рұқсат алу жеңілдеді

Енді жүк тасымалдаушылар бірнеше құжатты онлайн рәсімдей алады. Жаңа қызмет қай елдерге қатысты екенін және қалай жұмыс істейтінін оқыңыз.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 20:13
Бүгiн 2026, 20:13
155
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандық жүк тасымалдаушылар енді Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан аумағына жүк тасымалдауға арналған шетелдік рұқсат бланкілерін онлайн рәсімдей алады. Бұл туралы eGov мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпарат платформасы хабарлады.

Мәліметке сәйкес, eLicense.kz порталы арқылы алуға болатын шетелдік рұқсаттар тізімі кеңейтілді.

Шетелдік рұқсат бланкісі – қазақстандық тасымалдаушыға белгілі бір шет мемлекеттің аумағында жүк тасымалдау құқығын беретін құжат. Мұндай рұқсаттар мемлекеттер арасында екіжақты келісімдер негізінде беріледі.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ақтаевтың айтуынша, жаңа мүмкіндік тасымалдаушылардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік органдарға жүгіну санын азайтады.

Бұл тасымалдаушылар үшін мемлекеттік органдарға бару санын азайтып, жұмысқа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. “Е-лицензиялау” платформасы рұқсат беру үдерістерін кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіру бағытында дамып келеді, – деді ол.

Қызметті Қазақстанда тіркелген және халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсаты бар көлік құралдарына иелік ететін қазақстандық тасымалдаушылар, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер пайдалана алады.

Қызметті қалай алуға болады?

Рұқсат алу үшін пайдаланушы:

* eLicense.kz порталында авторизациядан өтіп, «Көлік» бөліміне кіруі;
* «Халықаралық қатынаста жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауды тұрақты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекеттің аумағына (аумағынан) кіруге (кетуге) рұқсат беру» қызметін таңдап, «Онлайн тапсырыс беру» батырмасын басуы;
* өңірді немесе қаланы және жауапты мемлекеттік мекемені таңдауы;
* ұйымның БСН-ын, өкілдің аты-жөні мен лауазымын көрсетуі;
* заңды тұлғаның тіркеу деректері мен мекенжайын енгізуі;
* көлік құралы туралы мәліметтерді және қажетті рұқсаттар туралы ақпаратты (ел атауы, бланк түрі, саны) толтыруы қажет.

Өтінім берілгеннен кейін ҚР Көлік министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексеру жүргізіледі. Нәтижесінде электрондық шетелдік рұқсат бланкісі брондалады.

Одан кейін мемлекеттік баж төленіп, өтінім электрондық қолтаңба немесе қолжетімді өзге тәсілдердің бірі арқылы расталады.

Қызмет қанша уақыт ішінде көрсетіледі?

Қызмет көрсету мерзімі – 2 жұмыс күні. Дайын құжат пайдаланушының eLicense.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі.

Рұқсат бланкісінің жарамдылық мерзімі жеке кабинетке хабарлама түскен сәттен бастап 30 күнді құрайды.

Қызмет құны – әрбір рұқсат бланкісі үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК).

Жаңа функционал ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ және Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі бірлесіп жүзеге асырған жұмыстың нәтижесінде іске қосылды.

Тағы оқи отырыңыз: Smart Cargo және "бір терезе": Қазақстан жаңа логистикалық жүйені енгізіп жатыр 

Наверх