Smart Cargo және "бір терезе": Қазақстан жаңа логистикалық жүйені енгізіп жатыр

Тоқаев ЕАЭО аясында цифрлық көлік дәліздерін дамытуды жеделдетуге шақырды.

 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 15:14
Бүгiн 2026, 15:14
194
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Одаққа қатысушы әр мемлекет цифрлық трансформацияның жекелеген бағыттары бойынша айтарлықтай тәжірибе жинақтағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, оның бәрі қолданбалы тұрғыдан қызығушылық тудырады.

Ұлттық құзыреттерді дамытумен қатар, ортақ технологиялық бастамаларды белсендірек қалыптастырып, үздік тәжірибелер мен тиімді шешімдермен бөлісу қажет деп есептеймін. Мұндай тәсіл Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық дамуын едәуір жеделдетіп, экономикаларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Президент Астанада өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы еуразиялық көлік дәліздерін цифрландыру бағытына да тоқталды.

Еуразиялық көлік дәлізі – Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың негізгі нарықтарын байланыстыратын жоғары технологиялық халықаралық маршруттар жүйесі. Бұл – жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын дәліздер желісі. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жаһандық сауда-экономикалық байланыстар жүйесіндегі негізгі рөлімізді сақтау үшін трансшекаралық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және цифрландыру қажет, - деді Тоқаев.

Президенттің пайымдауынша, икемді логистикалық шешімдер, жеткізілім тұрақтылығы және жүк тасымалының жылдамдығы Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы транзит көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Сондықтан былтырдың соңынан бастап біз «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Smart Cargo құралын жүйелі түрде енгізіп келеміз. Осы платформа аясында көлік дәліздерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанда көрші елдермен электронды рұқсат бланкілерімен алмасу тетігі енгізілді. Бұл бағытта Әзербайжан, Қытай, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстанмен жұмыс жүргізіліп жатыр. Одақ аясындағы ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясы – уақыт талабы. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық комиссияның цифрлық витрина мен сервистер құру бағытындағы жұмысы аса өзекті, - дейді Мемлекет басшысы.

Президент бұл үдерістерді жеделдетіп, Одақ аясында толыққанды цифрлық көлік дәліздері экожүйесін қалыптастыруымыз қажеттігін айтты.

Осы бағыттағы күш-жігерді біріктіру Еуразиядағы жоғары технологиялық көлік хабтарын қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деді Президент.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйлеп, Қазақстан IT-қызмет экспортын 1 миллиард долларға жеткізгенін айтты.

Наверх