Қазақстандық студенттер тәжірибе жинау үшін Польшаға аттанды

5 Маусым 2023, 17:05
942
Бөлісу:
Қазақстандық студенттер тәжірибе жинау үшін Польшаға аттанды
Фото: gov.kz

Студенттер Польшадағы PrimaVega ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру және өндіру бойынша ірі инновациялық кәсіпорнында тағылымдамадан өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл мүмкіндікке PrimaVega, Ломжадағы Халықаралық қолданбалы ғылымдар академиясы (Польша) мен Қазақстанның төрт оқу орны: Baitursynov university, Toraighyrov university, Altynsarin institute (Арқалық қ.) және Қостанай ауыл шаруашылығы колледжі арасында жасалған келісімнің арқасында қол жетті.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің бастамасымен және Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшілігінің көмегімен Еуропаның ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен өндірістік тәжірибеден өту туралы келісімдер жасалды.

Қазақстандық студенттер практикалық дағдыларды меңгерумен қатар, Халықаралық қолданбалы ғылымдар академиясында жетекші поляк ғалымдарының дәрістеріне қатысу мүмкіндігіне ие. Ал осы топтағы BU-нің докторанттары мен магистранттары Польша университетінде тағылымдамадан өтеді. Серіктес университетте оқытылатын барлық пәндер Baitursynov university-де есептелетін болады.

Қостанай және Павлодар облыстары – ауылшаруашылық аймақтары, сондықтан бұл өңірлерге заманауи техникалық жабдықталған кәсіпорындарда біліктілігін арттырған жоғары білікті мамандар әрқашан қажет.

Аталмыш тәжірибенің маңызды тұстарының бірі – тәжірибе кезеңі студенттердің еңбек өтіліне қосылады. Келесі жылдан бастап тәжірибе географиясы кеңейеді, бұл тізім Польшадан басқа Литва, Испания сияқты елдермен толығады.

Ал жаңа оқу жылынан бастап Baitursynov university Uniwersytet Warszawski және Варшава жаратылыстану ғылымдары университетімен қос дипломдық білім беру бағдарламасын іске қоспақшы.

Өзгелердің жаңалығы