Қазақстандық кітапханалар 4,5 млн кітаппен толықты

22 Қазан 2023, 08:48
694
Бөлісу:
Қазақстандық кітапханалар 4,5 млн кітаппен толықты
Фото: gov.kz

Астанада, кітапханашылар күні қарсаңында, Қазақстанның кітапхана саласын дамытуға байланысты өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен дөңгелек үстел жұмысына Парламент депутаттары, филология ғылымдарының докторлары, академиктер, кітапхана ісінің ардагерлері және т. б. қатысты.

Іс-шараны ашқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева түркі ақыны Әлішер Науаидің: "Кітап - ақылға ақы сұрамайтын алтын қазына", - деген сөзін мысалға келтірді.

Ол осы бағалы қазынаға қызмет көрсететін кітапханалар мен кітапханашылардың жағдайы елдің өркендеуімен және Қазақстанның сенімді болашағымен тікелей байланысты екенін атап өтті.

""Әділетті Қазақстан – Адал азамат" Ұлттық құрылтайының екінші отырысында Мемлекет басшысы "ас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын ояту" нақты міндетін қойды.

Президент өзінің алдыңғы сөздерінде де кітапхана саласын дамытуға ерекше назар аударды. Осыған байланысты біз Президенттің барлық тапсырмаларын орындау бойынша қажетті шараларды қабылдап жатырмыз", - деді Аида Балаева, дөңгелек үстелге қатысушыларды осы бағыттағы жұмыс нәтижелері туралы хабардар ете отырып.

Атап айтқанда, министр кітапханашылардың жалақысын 2025 жылға қарай 100%-ға арттыру мақсатында кітапхана қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 25%-ға ұлғайту жөніндегі жұмыс туралы атап өтті.

Кітап қорын жаңарту бойынша да бірқатар шаралар қабылдануда. Соңғы 5 жылда, мемлекеттік тапсырыс аясында, 4,5 миллион кітап шығарылды.

Шетелдік бестселлерлерді қазақ тіліне аудару - маңызды аспект болып табылады.

Сондай-ақ, оқырмандардың сұранысына сай кітаптар шығару үшін оқырмандар арасында арнайы әлеуметтік сауалнамалар жүргізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, ұлттық электрондық кітапхананы дамыту бойынша жұмыстар да белсенді жүргізілуде.

"Қазақстанның электрондық кітапханасы" жобасы аясында оқырмандар "бірыңғай билет" арқылы еліміздің кез келген кітапханасының электрондық базасына қолжеткізе алатындай барлық кітапханаларды бірыңғай ақпараттық жүйеге қосу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, дөңгелек үстелге қатысушылар осы саланы дамытуға қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

Қорытындыда мәдениет және ақпарат министрі іс-шара барысында айтылған барлық ұсыныстар ескеріліп, талданып, жұмысқа қабылданатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы