Қазақстандық каратэшілер жауынгерлік өнер ойындарында үш медальге қол жеткізді

22 Қазан 2023, 16:11
727
Бөлісу:
Қазақстандық каратэшілер жауынгерлік өнер ойындарында үш медальге қол жеткізді
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядта өтіп жатқан Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында WKF каратэден жарыс мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін кумите бағдарламасында финалға шыққан Дидар Анарбеков (+84 келі) тартысты айқаста жарыс қожайыны Санад Суфианиге жол беріп, екінші орын алды. Ұлттық құрама спортшысы жартылай финалда чехиялық Ондрей Бошакты жеңген. Күндізгі сессияда Дидар үш жекпе-жек өткізіп, екеуінде қарсыластан басым түскен.

Ал 68 келіге дейінгі салмақтағы Нұрия Тізімбай өз тобында бірінші орын алғанымен, жартылай финалда тәжірибелі марокколық Виссал Эззардан айласын асыра алмады.

Екі күнге созылған каратэшілер жарысында үш медаль алдық. Оның екеуі – күміс, біреуі – қола. Барлығы Ұлттық құрама сапында жеті спортшы келді. Өкінішке қарай, бүгін бақ сынаған Николь Ценгель жарақат алып, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Жалпы мына ойындар біздің қыз-жігіттерге зор тәжірибе жинауға септігін тигізді, - деді каратэшілерді бастап келген жастар құрамасының аға бапкері Шаттық Қажымұқан.

Айта кетейік, Қазақстан делегациясы осыған дейін Бейжің мен Санкт-Петербургте өткен жауынгерлік өнер ойындарында WKF каратэден медаль алмаған.

Өзгелердің жаңалығы