- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыруымыз керек» – Тоқаев
«Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыруымыз керек» – Тоқаев
-
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы
15 Қыркүйек 2026, 14:44
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея Республикасы іскерлік орта өкілдерінің басын қосқан Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөз сөйледі.
Президент соңғы отыз жылда Астана мен Сеул арасында өзара құрметке, сенімге және шынайы достыққа негізделген берік қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, белсенді саяси диалог пен көпқырлы ынтымақтастық екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайта түскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін айтты.
Кореялық компаниялардың біздің елдегі нәтижелі қызметін жоғары бағалаймыз әрі бұл оң үрдісті нығайта береміз, – деді Президент.
Екі ел арасындағы сауда айналымы $3 млрд-тан асты
Мемлекет басшысы өткен жылы Қазақстан мен Корея арасындағы екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқанын атап өтті.
Қазақстанға Кореядан бүгінге дейін 12 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Қазір елімізде корей капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді.
Олардың қатарында Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility және Shinhan Bank секілді ірі компаниялар бар.
Президенттің пікірінше, үкіметтер мен компаниялар күш-жігерін біріктірсе, екіжақты сауда көлемін одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік бар.

Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанда 51 бірлескен жоба жүзеге асырылуда
Президент өнеркәсіптік кооперацияны Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі ретінде атады.
Қазір екі елдің ортақ жобалар портфелінде автомобиль құрастыру, машина жасау, металлургия және басқа да салаларды қамтитын 51 жоба бар. Олардың жалпы құны 4 миллиард доллардан асады.
Кореялық компаниялардың тәжірибесі Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі сенімді өндіріс алаңы екенін анық дәлелдеді, – деді Мемлекет басшысы.
Өткен жылы Қазақстанда 170 мыңға жуық автомобиль шығарылған. Бұл – ұлттық деңгейдегі рекордтық көрсеткіш. Оның басым бөлігі Hyundai мен Kia көліктеріне тиесілі.
Қазақстанда аталған автобрендтердің жеңіл және жүк көліктері, сондай-ақ автобустары құрастырылады.
Бұдан бөлек, елімізде кореялық тұрмыстық техника өндірісі де дамып келеді. Атап айтқанда, Samsung тұрмыстық техникасы жергілікті зауыттарда өндіріледі.
Тоқаев корей компанияларын Қазақстанда өндіріс ашуға шақырды
Мемлекет басшысы Қазақстан үшін келесі кезеңдегі негізгі мақсаттың бірі – толықтай интеграцияланған өнеркәсіп экожүйесін қалыптастыру екенін айтты.
Оның құрамына автокомпоненттер, озық материалдар, электр құрал-жабдықтары мен электроника өндірісін жергіліктендіру кіреді.
Мақсатымыз – толықтай интеграцияланған, яғни бөлшектердің, озық материалдардың, электр құрал-жабдықтары мен электрониканың жергілікті өндірісін түгел қамтитын, кең ауқымды Еуразия нарығына қызмет көрсете алатын өнеркәсіп экожүйесін құру, – деді Президент.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық компанияларды Қазақстанда өндіріс орындарын ашуға шақырды.
Құрылыс пен қала дамуы – ынтымақтастықтың жаңа бағыты
Президент Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің тағы бір перспективалы бағыты ретінде құрылыс пен қала дамуын атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның құрылыс, инжиниринг және инфрақұрылымды дамыту салаларында мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.
Қазақстан қазір инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды кезеңіне қадам басып отыр. Алдағы уақытта көлік және коммуналдық инфрақұрылымнан бастап тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға дейінгі барлық бағытта құрылыс қарқынын жандандыру жоспарланған.
Мақсатымыз – Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыру, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, ауруханалар, балалардың оңалту орталықтары, көпбейінді медициналық мекемелер, заманауи мектептер мен спорт нысандарын салуға, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріледі.
Президент бұл бағыттарды кореялық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ретінде бағалады.
Бұл – кореялық корпорацияларға тың мүмкіндік. Олар Қазақстандағы ауқымды жобаларға белсене атсалысады деп ойлаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет өзара тиімді шарттар негізінде жаңа кәсіпорындар құруға және инвестициялық бастамаларды ілгерілетуге бағытталған ірі жобалардың нақты тізімін жасақтайды.
Осылайша, Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық ынтымақтастықты өнеркәсіп, автомобиль жасау, тұрмыстық техника өндірісі, құрылыс және инфрақұрылым секілді бағыттарда одан әрі кеңейту көзделіп отыр.
Ең оқылған:
- Жамбыл облысында вагон алмақ болған азамат 22 млн теңгесінен айырылды: Күдіктілер ұсталды
- Атырау әкімі Шәкір Кейкин қызметінен кетті
- Аралда учаскелік полиция инспекторын өлтірді деген 39 жастағы күдікті қамауға алынды
- Алматыда 15-18 қыркүйек күндері қай аудандарда жарық өшеді?
- Күріш, балық, қауын-қарбыз: Астанада Қызылорда жәрмеңкесі өтеді