Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстандағы киіктер 4 миллионға жетті: зиян, пайда және шешім

Қазақстандағы киіктер 4 миллионға жетті: зиян, пайда және шешім

Ақбөкен саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл экожүйеге де, егінге де әсер етіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Киік саны Қазақстанда қалай көбейді?

Бүгінде киіктің 95%-ы Қазақстанда мекендейді. Өткенге көз жүгіртіп, ақбөкеннің неге азайғанын анықтайық.

Бірінші кезең – 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басы.

КСРО ыдырағаннан кейін ақбөкендерді заңсыз аулайтындардың қарасы көбейді. Себебі Қытайда киік мүйізіне сұраныс артты. 1991 жылы киік саны шамамен 1 миллион болса, 2003 жылға қарай бұл көрсеткіш 21 мыңға дейін төмендеді.

Екінші кезең – 2015 жылғы пастереллез эпидемиясы.

2015 жылы Қазақстанның бірнеше өңірінде (Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстары) киіктер арасында пастереллез инфекциясы өршіді. Салдарынан 200 мыңнан астам киік қырылды. Әсіресе, бұдан Бетпақдала популяциясы көп зардап шекті.

Соңғы 8-9 жылдың көлемінде түз тағысын мемлекеттік деңгейде қорғау күшейді. Нәтижесінде олардың саны артты. 2023 жылы Қазақстандағы киіктер саны 2 миллионға жуықтағаны анықталды. Бұл экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға аз да болса кері әсер етті. Мәселе күн тәртібіне қойылды. Себебі киік санының шамадан тыс көп болуынан ауыл шаруашылығы зардап шеге бастады.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми дерегінше, 2025 жылғы көктемгі есепке сәйкес, киіктердің жалпы саны 3,978 миллион бас . Оның ішінде:

Батыс (Орал) популяциясы – 2,3 млн;
Бетпақдала – 1,6 млн;
Үстірт – 78 мың.

Алайда киіктердің көбеюі ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіріп отыр. Осыған байланысты бірнеше өзекті сұраққа министрлік төмендегідей жауап берді.

Киіктерді қорғау мен санын реттеу үшін не істеліп жатыр?

Қазір арнайы Киікті сақтау және ұтымды пайдалану жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Жоспарда мыналар қарастырылған:

• биологиялық әртүрлілікті сақтау;
• экожүйелерді қалпына келтіруге жағдай жасау;
• генетикалық әртүрлілікке төнетін қауіптің алдын алу;
• популяцияны бақылау;
• экотуризм арқылы экономикалық пайда табу;
• табиғи ресурстарды тиімді пайдалану;
• экожүйелік қызмет сапасын арттыру.

Киіктердің көші-қоны мен мекендеу аймағын шектеу жоспарда бар ма?

Ғалымдардың мәліметінше, киіктер солтүстік-оңтүстік бағытта маусымдық көшіп-қонуға бейім. Алайда қазіргі кезде адамның шаруашылық әрекеттері салдарынан олар жыл сайын жаңа бағыт салып, нақты бағытсыз көшеді.

Киіктер топпен қозғалып, бірнеше шақырымға созылатын кең жолақ бойымен көшеді. Сонымен қатар олар ашық дала жануары болғандықтан, биік құрылыстар мен туннельдерден қорқады. Бұл да олардың қоныс аударуына әсер етіп отыр.

Фермерлердің шығыны қалай өтеледі?

Бұл сұрақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретіне жатады. Дегенмен Экология министрлігі егістік алқаптарды қорғау бағытында жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда:

Инспекторлық құрам ішкі резервтен тартылды;
Осал аудандарда кезекшілік пен патруль ұйымдастырылды.

Жалпы жұмылдырылған күш:

Министрлік тарапынан – 431 адам, 127 техника;
Жергілікті әкімдіктерден – 126 адам, 55 техника.

Барлығы: 557 адам, 182 техника бірлігі.

Алайда киік санының өсуі мен таралу ауқымының кеңеюін ескере отырып, қосымша 201 адам мен 75 техника қажет. Осы бағытта қосымша ресурстар тарту жұмысы жалғасып жатыр.

Киіктерді реттеу емес, пайдалану мәдениетін дамыту керек – ғалым пікірі

Фермерлер соңғы жылдары киіктердің жайылымдарға келтірген зиянына шағымданып жүр. Алайда биология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Нұрышев бұл құбылысты табиғи заңдылық деп түсіндіреді.

Табиғат өз әрекетін жақсы біледі. Қазақстандағы киіктердің көбеюі кездейсоқ процесс емес. Мәселен, 2020 жылдан бастап әлемде пандемия басталды. Соның салдарынан ғарышқа ұшырылатын зымырандар саны қысқарды. Бұл жағдай киіктердің көбеюіне қолайлы орта қалыптастырды, - дейді ғалым.

Мұрат Нұрышевтың пайымынша, киік санын реттеудің негізгі жолы – ату емес, оны ғылыми әрі экономикалық бағытта тиімді игеру.

Мен соңғы үш жыл бойы айтып келемін: киікке қатысты кез келген әрекет Халықаралық флора мен фаунаны қорғау ұйымының келісімімен жүзеге асуы тиіс. Біз киікті атып азайтуды доғаруымыз керек. Оның орнына киіктің еті мен сүйегін өңдейтін фармацевтикалық өндірісті дамыту қажет. Киік – биологиялық ресурстың ерекше түрі. Мүйізі де, еті де адам денсаулығына пайдалы. Бұл – фармакология мен ғылым үшін үлкен мүмкіндік, - дейді профессор.

Оның сөзінше, Австралияда кенгуруды ату үшін алдымен сол жануардың экожүйеге нақты зиян келтіріп жатқанын дәлелдеу қажет. Қазақстанда да осындай тәсіл қажет.

Киік етіне шетелде сұраныс жоғары. Себебі ол – табиғи дәрумендерге бай, сапалы ет. Киік шөптің 50 түрінің ішінен біреуін ғана таңдап жейді. Бұл – оның табиғатпен үндес өмір сүретінін көрсетеді. Мысалы, жылқы тек 8 шөптің ішінен таңдайды. Киіктің осындай талғампаздығы – оны ежелгі дәуірлерден бүгінге аман жеткізді. Мамонттар, мүйізтұмсықтар жоғалып кетті, ал киік тірі қалды. Сондықтан біз бұл жануардың биологиялық ерекшелігін толық зерттеп, одан нақты қандай өнім өндіретінімізді анықтап алуымыз керек, - дейді Мұрат Нұрышев.

Ол бұл бағыт қазақстандық ғалымдар үшін үлкен ғылыми серпіліс әкеле алатынын айтты.

Киік етіне негізделген тағам өндірісін жолға қою – болашақтың ісі. Бірақ ең алдымен оны терең зерттеуіміз қажет. Бұл – жаңа буын ғалымдар үшін таптырмас мүмкіндік. Егер жүйелі түрде жұмыс жүргізсек, ғылымда жаңа есімдер пайда болады, - деп түйіндеді ол.

Бөлісу: