Қазақстанда жұмыспен қамтылғандар саны 9,4 миллионнан асты

12 Қараша 2026, 15:03
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 12 Қараша 2026, 15:03
12 Қараша 2026, 15:03
156
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

2026 жылғы III тоқсанда халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректері бойынша жұмыс күшінің саны 9849,0 мың адамды құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Республика экономикасының әртүрлі салаларында 9403,4 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың 7247,7 мың-ы жалдамалы қызметкер болса, 2155,7 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 64,3% құрады,  Өткен жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 73,3 мың адамға өсті, негізінен жалдамалы қызметкерлердің есебінен өсті, - деп жазылған статистика деректерінде. 

Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (16,8%), білім беру (13,3%), өнеркәсіп (12,6%) және ауыл шаруашылығы (10,5%) салаларында байқалды.

Жұмыс істемейтін, білім алумен немесе кәсіби даярлықпен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 5,6%-ды құрады.

15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9% құрады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2026 жылғы қыркүйек айының соңына 346,9 мың жұмыссыз ресми тіркелген.  Тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 3,5%-ын құрады.

Наверх