Қазақстанда жолаушылардың қолайлығы үшін жаңа қызметтер пайда болды

20 Шілде 2023, 19:43
612
Бөлісу:
Қазақстанда жолаушылардың қолайлығы үшін жаңа қызметтер пайда болды
Фото: - архив

Қазақстанда интермодальды тасымалдауға деген қажеттілік артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Интермодальды тасымалдау дегеніміз – бұл берілген маршрут бойынша тасымалдауды жүзеге асыратын әртүрлі және тартылған көлік түрлерінің кешені.

ҚТЖ мәліметінше, бүгінде жолаушыларға 4 интермодальдық қызмет көрсетіледі:

1. «Қажетті бағыт үшін пойыздарды таңдау» онлайн-сервисі. Бұл жүйе жолаушыға ыңғайлы сапар ұсынып, уақытты үнемдеу мақсатына негізделген. Азаматтар межелі жерге дейін жол жүрудің мүмкін нұсқаларын таңдап, бір пойыздан келесі пойызға ауыса алады. Ағымдағы жылдың басынан бері жолаушылар 5 000 астам билет ресімдеді.

2. «Перроннан үйге дейін» қызметі. ІТ компаниясымен бірлесіп автобуспен Нұрлы Жол вокзалынан үйге жолаушылар трансфері ұйымдастырылды. Бұл қызметті әзірге 3/4 Алматы – Астана және 85/86 Шымкент – Астана пойызының жолаушылары пайдалана алады. Қызметтің белгіленген құны 850 теңге құрайды.

Бұл қызмет арқылы азаматтар Нұрлы Жол вокзалынан қажетті мекенжайға дейін жете алады. Қызметті пайдалану үшін жолаушыға жолаушылар вагондарындағы QR кодын сканерлеп, қажетті мекенжайды көрсетіп, қызметке ақы төлеу қажет. 

Жолаушылардың барынша жайлылығы үшін автокөлік «Нұрлы жол» вокзалының ішіндегі №2 келу залында күтетін болады. Осы қызметпен 2100 астам жолаушы тасымалданды. Болашақта бұл қызмет Астана мен Алматы арасында жүретін «Жолаушылар тасымалы» АҚ барлық пойыздары бойынша мүмкін болады.

3. «Жалдамалы автобус» жаңа қызметі бір топ ұйымдасқан жолаушылар үшін маңызды болады. Жоба Астана қаласына пойызбен келген, алайда қала маңындағы және қалааралық қатынасты қажет ететін жолаушыларға арналған. Оның ішінде Бурабай, Зеренді, Баянауыл, Степногорск және т.б. бағыттарға келген жолаушылардың ұйымдасқан тобын тасымалдауды көздейді. Қызметке сілтеме бойынша тапсырыс беруге болады.

4. «Тұрақты шаттл» қызметі. Жоба «Қосшы қаласы – Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы – Нұрлы Жол теміржол вокзал кешені» бағыты бойынша жолаушыларды шаттлмен күнделікті тасымалдауды көздейді.

Тұрақты шаттл күн сайын келесі сағаттарда жөнелтіледі: сағат 08.30-да вокзалдан әуежайға және Қосшы қаласына; сағат 09.10-да әуежайдан Қосшы қаласына; сағат 16.30-да Қосшы қаласынан әуежай мен вокзалға; сағат 17.10-да әуежайдан вокзалға.

Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін шаттл вокзал алдындағы алаңда, әуежайда тұрақтың бірінші желісінде және Қосшы қаласында «Әйгерім» СҮ» жылы аялдамасында күтеді. Қызмет құны 950 теңгені құрайды.

Өзгелердің жаңалығы