Қазақстанда жеті жылда 312 жаңа мәдениет нысаны ашылды: Салада қандай өзгеріс болды?

20 Қараша 2026, 17:37
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 20 Қараша 2026, 17:37
20 Қараша 2026, 17:37
43
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда кейінгі жеті жылда мәдениет саласының инфрақұрылымын жаңарту, ұлттық құндылықтарды сақтау және отандық өнерді халықаралық деңгейде таныту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған шаралар аясында жаңа мәдениет нысандары бой көтеріп, театрлар мен музейлер жаңғыртылды, шығармашылық білім беру жүйесін дамытуға басымдық берілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мәдениет және ақпарат министрігінің мәліметінше, осы уақыт аралығында елімізде 312 мәдениет нысанының құрылысы аяқталды. Жаңа нысандардың қатарында театрлар, музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлері бар. Бұған қоса, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мекемелерге жөндеу жүргізіліп, олардың техникалық мүмкіндіктері кеңейтілді. Нәтижесінде өңір тұрғындарының мәдени қызметтерді пайдалануына қолайлы жағдай жасау көзделген.

Кітапханаларды жаңарту да назардан тыс қалмаған. Министрлік мәліметінше, қазір 2027 жылға дейінгі кітапханаларды жаңғырту жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары да жалғасып жатыр.

Шығармашылық бағытта білім алып жатқан жастарға арналған инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Алматыда өнер саласындағы оқу орындарының студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды. Петропавл қаласында Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылды. Ал Шымкентте Мәдениет және өнер университетін құру мәселесі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Театр саласында жаңа ғимараттар мен қойылымдар пайда болған

Мәдениет саласындағы басым бағыттардың бірі – театр өнерін дамыту. Соңғы жеті жыл ішінде Астана, Атырау, Қызылорда және Шымкент қалаларында бес жаңа мемлекеттік театр құрылған.

Бірқатар театр жаңа ғимаратқа көшкен. Атап айтқанда, Астанада Қалибек Қуанышбаев атындағы театрға, Петропавлда Сәбит Мұқанов атындағы театрға және Түркістан музыкалық-драма театрына жаңа ғимараттар салынды.

Қазір Ақтөбе мен Қонаев қалаларында театр ғимараттарының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Шымкент, Қызылорда және Семей қалаларында жаңа театр салу жобалары пысықталуда.

Қолданыстағы театрларды жаңарту жұмыстары да қатар атқарылып жатыр. Бұл ретте Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс мемлекеттік академиялық театры қайта жаңғыртылып жатыр екен.

Мәдениет ұйымдарының мәртебесін арттыруға да көңіл бөлінді. Соңғы алты жылда республикалық деңгейдегі 10 мекеме «Ұлттық» мәртебесіне ие болды. Ал республикалық және өңірлік деңгейдегі тағы 10 ұйымға «Академиялық» мәртебесі берілген.

Музей қорлары көбейіп, цифрлық жүйеге көшірілді

Мәдениет және ақпарат министрігінің мәліметінше, соңғы жылдары музей саласының инфрақұрылымы мен қорын дамытуға да айтарлықтай көңіл бөлінді. Жеті жыл ішінде Қазақстандағы музейлер саны 250-ден 286-ға дейін өсті. Яғни ел бойынша 36 жаңа музей қосылды. Ал музей қорларындағы сақтау бірліктерінің саны 68 669-ға көбейді.

Тарихи орындар мен мәдени мұра нысандарына келетін туристерге жағдай жасау мақсатында бес визит-орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында Алматы облысындағы «Таңбалы», Түркістан облысындағы «Отырар» және «Ордабасы», Ұлытау облысындағы «Ұлытау», Атырау облысындағы «Сарайшық» визит-орталықтары бар.

Бұған қоса, тағы бірнеше туристік нысанда жаңа визит-орталықтар ашу жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысында «Сауран» және «Гауһар ана», Алматы облысында «Есік» визит-орталықтарын дамыту көзделген.

Музейлердің экспозициялық мүмкіндіктерін арттыру үшін де бірқатар жоба іске асырылды. Екі музейде «Алтын Орда» залдары ашылды. Сондай-ақ палеонтология залы мен қолөнершілер орталығы жұмысын бастады.

Музей саласындағы ірі жобалардың бірі – ашық аспан астындағы «Бозоқ» археологиялық паркі. Сонымен қатар Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде күрделі жөндеу жүргізілді.

Музей қорларын цифрлық форматқа көшіру де қолға алынды. 2025 жылы E-museum платформасы іске қосылып, оған еліміздегі 284 музей туралы мәлімет біріктірілді. Жүйедегі цифрлық каталогқа 66 мыңнан астам жәдігер енгізілді. Сонымен бірге 750 үшөлшемді модель әзірленіп, 15 виртуалды тур жасалды.

Отандық музейлер шетелдік мәдени мекемелермен байланысын да нығайтты. Қазақстанның музей коллекциялары Ресей, Италия, Франция, Қытай және Әзербайжан елдеріндегі көрмелерге қойылды.

2025 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің туындылары Мәскеудегі Третьяков галереясында таныстырылды. Қазақстанның ұлттық жобалары Венеция биенналесінде және Париждегі Гиме Азия өнері музейінде көрсетілді.

Ал 2026 жылы Қазақстан мен Франция арасындағы музей саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық музей конгресі – «Қазақстан – Франция 2026» музеология форумы өтті.

Тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы заңнамалық және ұйымдастырушылық жұмыстар да жалғасты. Түркістан қаласының елдің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретіндегі ерекше мәртебесі заң жүзінде бекітілді. Археологиялық қызметті реттеу тетіктері қайта қаралып, тарихи-мәдени мұра саласындағы лицензиялау жүйесі жетілдірілген.

Қазақстанның мәдениеті шетелде кеңінен таныстырылды

Кейінгі жеті жылда Қазақстан халықаралық мәдени байланыстарын кеңейтіп, ұлттық өнерді әлемдік аудиторияға таныстыруға басымдық берді. Отандық шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздар шетелдегі фестивальдерге, көрмелерге және түрлі байқауларға қатысып келеді. Ал мәдениет күндері елдер арасындағы мәдени дипломатияның маңызды тетігіне айналды.

Осы кезеңде Қазақстанның мәдениет күндері 15 мемлекетте ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, 2023 жылы мұндай іс-шаралар Өзбекстан мен Әзербайжанда өтті. Сол жылы Мысыр астанасы Каирде Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған мәдени шаралар ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс мешітінің ашылуы өтті.

Кейінгі жылдары Қазақстан Түрікменстанмен және басқа да мемлекеттермен мәдени алмасуды жалғастырды.

2025 жылы Қытай астанасы Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы ашылды. Бұл орталық ұлттық өнер мен дәстүрді шетелде тұрақты түрде таныстыруға арналған алаң ретінде жұмыс істейді. Сол жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болды.

Қазақстанның ЮНЕСКО аясындағы жұмыстары да жалғасып жатыр. Салалық материалдарда еліміздің Дүниежүзілік мұра тізімінде 15 тарихи-мәдени ескерткішті қамтитын төрт номинация бойынша ұсынылғаны көрсетілген. Олардың арасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалы петроглифтері бар. Сондай-ақ 2026 жылы Маңғыстау түбегіндегі жартас мешіттері тізімге енгізілгені айтылған.

Қазақ халқының материалдық емес мәдени мұралары да халықаралық деңгейде танылып келеді. ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне ұлттық мәдениеттің 14 элементі енгізілген. Олардың қатарында домбырамен күй орындау өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс және «Беташар» бар.

2026 жылы Қазақстанның ЮНЕСКО аясындағы мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетуге арналған 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді.

Бұдан бөлек, еліміздің танымал мәдениет қайраткерлерінің мерейтойлары халықаралық деңгейде аталып өтуі үшін ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне бірқатар есім енгізілді. Олардың қатарында Роза Бағланова, Бердібек Соқпақбаев, Нұрғиса Тілендиев, Әбділда Қарсақбаев және Ермек Серкебаев бар.

Наверх