Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өндірісі екі есе артады: Нағаспаев бес жылдық жоспарды таныстырды

23 Қараша 2026, 11:29
АВТОР
 freepik.com 23 Қараша 2026, 11:29
23 Қараша 2026, 11:29
140
Фото: freepik.com

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі биылғы он айда 60 пайызға өсті. Ал 2030 жылға қарай саладағы өндіріс көлемін екі есеге арттырып, ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін 20 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Құрылтайдағы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, өткен жылы жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 20 пайызға өскен. Соңғы екі жылда салаға тартылған инвестиция көлемі де екі есеге артқан.

Осы оң динамиканы сақтау үшін жеңіл өнеркәсіпті дамытудың бес жылдық кешенді жоспары әзірленген. Ол үш негізгі бағытты қамтиды.

Біріншісі – мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру. Бұл ретте отандық өнімді жеткізу мерзімін төрт айға дейін ұзарту, барлық жеткізушілерге қойылатын бірыңғай талаптар мен тең жағдай жасау, сондай-ақ отандық шикізатты пайдаланатын өндірушілерге қолдауды күшейту қарастырылуда, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Екінші бағыт – өнімнің өткізілуін қамтамасыз ету. Осы мақсатта жер қойнауын пайдаланушылар және квазимемлекеттік компаниялармен бес жылға дейінгі ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау мәселесі пысықталып жатыр.

Сонымен қатар шикізатты терең өңдеу үшін бірінші және екінші сұрыпты мақта талшығының экспортына квота енгізу қарастырылуда.

Үшінші бағыт қаржыландыру мен салықтық қолдауды қамтиды. Өндірісті локализациялау бойынша келісім жасаған кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беру және салықтық преференциялар ұсыну тетігі әзірленіп жатыр.

Өз кезегінде, мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындар өндірісті дамыту және нақты нәтижелерге қол жеткізу бойынша міндеттеме қабылдайды. Осы шараларды іске асыру үшін қажетті заңнамалық түзетулер әзірленген.

Жалпы, 2030 жылға қарай жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемін екі есе арттырып, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін 20 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, – деді министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі соңғы 25 жылдағы ең жоғары өсімді көрсетті.

Белгілі болғанды, Қазақстанда екі мыс өңдеу зауыты салынатыны белгілі болды.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан көлік бөлшектерін өзі өндіруге көшіп жатыр: Жаңа жобалар іске қосылады 

Наверх