Финляндия шығанағында дрон шабуылынан Ресейдің жүк кемесі өртенді

Қазіргі уақытта Ловииса қаласының оңтүстігінде құтқару және экологиялық қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 depositphotos.com 22 Қараша 2026, 03:40
22 Қараша 2026, 03:40
279
Фото: depositphotos.com

АҚШ санкцияларына іліккен ресейлік Sparta II жүк кемесі Финляндия шығанағында дрон шабуылынан кейін зақымданып, өртенді. Бұл туралы Euronews агенттігі хабарлады.

Финляндияның Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сенбі күні таңертең елдің қорғаныс күштері Сурсаари аралының батысында халықаралық суларда шабуылға ұшыраған кемені анықтаған.

Кейін Финляндияның Шекара қызметі кеменің Sparta II екенін растады. Шабуылдан кейін кеме зақымданып, бортында өрт шыққан. Сондай-ақ ол Финляндияның аумақтық суларына қарай ауытқыған.

Қазіргі уақытта Ловииса қаласының оңтүстігінде құтқару және экологиялық қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Билік өкілдерінің мәліметінше, экипажды эвакуациялау қажеттілігі туындамаған және қоршаған ортаға зиян келгені анықталмаған.

Шабуылдың артында кім тұрғаны әзірге белгісіз. Финляндия премьер-министрі Петтери Орпо бұл оқиға Украинадағы соғыстың көршілес аймақтарға да таралып жатқанын көрсететінін айтты. Сонымен бірге Украинаның агрессиядан қорғануға құқығы бар екенін атап өтті.

Ал Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко кемеге Калининградқа бағыт алған кезде екі дрон шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Sparta II кемесі АҚШ санкцияларына 2022 жылдың мамырында іліккен. Ол Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасайтын «Оборонлогистика» компаниясымен байланысты. Бұған дейін кеме 2025 жылы Сириядағы Башар Асад режимі құлағаннан кейін Ресейдің әскери техникасын елден әкетуге қатысқан.

Наверх