Қазақстанда жаңа әлеуметтік саясат қалыптастырылады

11 Қаңтар 2023, 10:27
756
Бөлісу:
Қазақстанда жаңа әлеуметтік саясат қалыптастырылады

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар әлеуметтік саланы жаңғыртатын құжатты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмилә Нұрманбетова 3 іліспе заң бойынша баяндама жасады.

Әлеуметтік кодекс жобасында әлеуметтік көмек көрсетудің өтініштен айқындалған нақты жағдайға сай түріне көшуге негізделген жаңа әлеуметтік саясат қалыптастыру көзделіп отыр. Әлеуметтік қызметті жаңғырту арқылы әлеуметтік сала менеджментінің тиімділігін арттыру жоспарда бар. Интернет платформалар көмегімен жұмыспен қамту ісін реттеу, жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау шаралары қолға алынып жатыр, - деді Жәмилә Нұрманбетова.

Сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін нығайту бойынша нормалар қарастырылған. 

Жалпы Әлеуметтік кодекстің жобасы әлеуметтік заңнаманы жүйелендіре түседі. Онымен қоса, әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда құқықтық негіз қалыптастырады. Әлеуметтік кодексті әзірлеу бірқатар заңнамалық актіге, сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді, - деп толықтырды депутат жалпы отырыста.

Жәмилә Нұрманбетова осыған байланысты үш іліспе заң жобасы әзірленгенін айтты.

Сонымен қатар комитет заң жобаларын жұмысқа қабылдауға және олар бойынша қорытындылар әзірлеуге дайын екенін жеткізді.

Депутаттар үш заң бойынша, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын қарауға қабылдау жөнінде және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде қаулыға дауыс беріп, құжатты қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы