Соңғы уақытта ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Қазақстанда жалақы төмендеді» деген сипаттағы пікірлер жиі айтылып жүр. Алайда бұл тұжырым елдегі нақты жағдайды толық сипаттай бермейді дейді экономист Айбар Олжай.
Экономисттің айтуынша, мәселе жалақының азаюында емес, инфляцияны есепке алғандағы нақты табыс өсімінің барлық салада бірдей болмауында.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа айлық номиналды жалақы 461,5 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға жоғары көрсеткіш. Яғни қызметкерлердің қолына есептелетін жалақы көлемі номиналды түрде өскен.
Кейбір жарияланымдарда айтылып жүрген 2,3 пайыздық төмендеу нақты жалақы индексіне қатысты. Нақты жалақы индексі дегеніміз – инфляция ықпалын ескеретін көрсеткіш. Ол жалақының қағаз жүзіндегі емес, сатып алу қабілеті тұрғысынан қалай өзгергенін көрсетеді,- дейді Айбар Олжай.
Сарапшының сөзінше, нақты жалақы индексінің төмендеуі азаматтардың жалақысы қысқарды дегенді білдірмейді.
Мысалы, бұрын 400 мың теңге алып жүрген адам қазір 350 мың теңге алып қалған жоқ. Тек сол 400 мың теңгеге бұрынғыдан аз тауар мен қызмет сатып ала алады. Мұны инфляцияның әсері деп түсіну керек,-д ейді Айбар Олжай.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша жүргізілген талдау да жағдайдың біркелкі емес екенін көрсететінін айтады сарапшы.
Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде нақты өсім 2,1%, энергетика саласында 2,7%, көлік және логистика секторында 1,1% құраса, көлік саласының жекелеген сегменттерінде, соның ішінде теміржол арқылы жүк тасымалдау және логистикалық қызмет бағыттарында нақты өсім 3-7%-дан жоғары болған.
Бірқатар маңызды салаларда жалақы тек номиналды түрде ғана емес, нақты мәнде де өсіп жатыр. Сондықтан халық табысы жаппай төмендеп жатыр деу дұрыс емес. Экономикада әркелкі динамика байқалады,- дейді Айбар Олжай.
Сарапшының пікірінше, кейбір секторларда жалақы өсімі инфляциядан жоғары болса, кейбір бағыттарда табыс өсімі баға өсімін толық өтей алмай отыр.
Бұл жерде негізгі мәселе жалақының төмендеуінде емес, табыс өсімінің экономика салалары бойынша біркелкі болмауында. Сондықтан еңбек өнімділігін арттыру, сапалы жұмыс орындарын көбейту және азаматтардың тұрақты табысын қамтамасыз ету маңызды болып қала береді,–дейді ол.