Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесіне жасанды интеллект технологиялары мен бейімделмелі тестілеуді енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Гүл Жүсіпова «1С Қазақстан» компаниясының XVI ғылыми-практикалық конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білім беру жүйесінің трансформациясы туралы баяндама жасаған Гүл Жүсіпова ҰБТ-ны жаңғырту білім беру саласын цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі басымдықтар қатарында жасанды интеллектіні енгізу, бейімделмелі тестілеуді дамыту және ұлттық емтиханды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бар.
Бұл бастамалар Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп әзірлеп жатқан Admission Insight Test (AIT) жаңа форматтағы қабылдау емтиханы аясында қарастырылып жатыр. Жаңа модель талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлау қабілетін, зерттеу дағдыларын және цифрлық сауаттылығын да бағалауды көздейді. Оны пилоттық режимде сынақтан өткізу 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.
Дегенмен, ҰБТ-да жасанды интеллектіні қолданудың нақты тетіктері әзірге жарияланған жоқ.
Жасанды интеллект білім беру процесін ғана емес, оқу нәтижелеріне қойылатын талаптарды да өзгертіп жатыр. Бүгінде адамның қаншалықты ақпарат меңгергенін ғана емес, оның талдау жасау, алған білімін тәжірибеде қолдану және заманауи технологиялармен жұмыс істеу қабілетін бағалау маңызды. Жоғары білім беру жүйесі, оның ішінде білімді бағалау құралдарын жетілдіру жұмыстары да осы бағытта дамып келеді, – деді Гүл Жүсіпова.
Цифрлық дағдыларға сұраныс артып келеді
Конференцияда білім беру саласына жаңа технологияларды енгізу және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мәселелері де талқыланды. Мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының және технологиялық бизнес өкілдері экономиканың цифрлануы жағдайында мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру жолдарын қарастырды.
«1С Қазақстан» компаниясының директоры Дмитрий Годунның айтуынша, білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің нақты талаптарын ескеріп, студенттерге цифрлық технологияларды оқу барысында тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беруі керек.
Бүгінде технологиялар дәстүрлі білім беру бағдарламаларына қарағанда әлдеқайда жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан студенттердің оқу кезінде-ақ заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеп, бизнестің нақты міндеттерін шешуге мүмкіндік алуы маңызды. Жасанды интеллект пен автоматтандыру кәсіби ортаның ажырамас бөлігіне айналып келеді. Біздің міндетіміз – білім беру ұйымдарына осы технологияларды тиімді пайдалана алатын мамандар даярлауға көмектесу, – деді Дмитрий Годун.
Компания білім беру ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Қазір еліміздегі оқу орындарында компанияның 12 мамандандырылған оқу сыныбы жұмыс істейді. Тағы бес білім беру ұйымында оқытушыларды даярлау жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар компания Ғылым және жоғары білім министрлігімен ынтымақтастық аясында университеттерді компьютерлік техникамен жабдықтауға қатысуда. Қазірдің өзінде үш ұлттық жоғары оқу орнының әрқайсысына 15 компьютерден берілген.
Айта кетейік, XVI ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстанның 20 қаласынан 26 университет пен 21 колледждің өкілдері қатысты. Іс-шарада білім беру жүйесін цифрландыруға, кәсіби құзыреттерді дамытуға және заманауи экономикаға қажетті мамандар даярлауға ерекше назар аударылды.
Тағы оқи отырыңыз: ҰБТ-ның жаңа форматы әзірленіп жатыр: Қандай өзгерістер енгізіледі?