Қазақстанда туристерге арналған AI-көмекші іске қосылуы мүмкін
Қазақстанда туристерге арналған AI-көмекші іске қосылуы мүмкін
Қазіргі уақытта министрлік туристік нысандар, бағыттар, қонақ үйлер, ұлттық парктер және туристік ағындар туралы ақпаратты біріктіретін бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеуде.
Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал сарапшы, 01.AI компаниясының бас директоры және Sinovation Ventures компаниясының төрағасы, профессор Ли Кай-Фумен кездесті.
Кездесу барысында тараптар спорт пен туризм салаларын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу перспективаларын талқылап, осы бағыттағы тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырды.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту – Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі. Бұл технологияларды спорт пен туризмге енгізу салалардың тиімділігін арттырып, жаңа цифрлық мүмкіндіктерге жол ашады.
Кездесуде спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер, спорт ұйымдары және жарыстар туралы мәліметтерді біріктіретін e-Sport бірыңғай цифрлық платформасын құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Болашақта жасанды интеллекттің көмегімен спортшылардың жаттығу процесін талдау, қалпына келу деңгейін бағалау, тамақтану мен жарақаттың алдын алу бойынша жеке ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ бейнеталдау арқылы техникасы мен тактикасын жетілдіру жоспарланып отыр.
Туризм саласында да ауқымды цифрлық жобалар қолға алынбақ. Қазіргі уақытта министрлік туристік нысандар, бағыттар, қонақ үйлер, ұлттық парктер және туристік ағындар туралы ақпаратты біріктіретін бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеуде. Келесі кезеңде туристерге жеке саяхат бағытын ұсынып, бірнеше тілде ақпарат беретін әрі сапар барысында бағыт-бағдар көрсететін интеллектуалды цифрлық көмекшіні іске қосу көзделген.
Профессор Ли Кай-Фу Қазақстанның туризм саласында үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті. Оның пікірінше, жасанды интеллект шетелдік туристерге аударма жасап, бағыт-бағдар беретін цифрлық сервистерді дамытуға, сондай-ақ туристік ағындарды талдап, сұранысты болжауға және басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар спорт пен туризм салаларына заманауи жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы ынтымақтастықты нығайтып, өзара тәжірибе алмасуды жалғастыруға уағдаласты.