Қазақстанда әр азаматтың жер алу құқығы заңмен бекітілген. Соған қарамастан, іс жүзінде бұл процесс әлі де күрделі әрі ұзақ уақытты талап етеді. Әсіресе жеке үй салуды жоспарлағандар үшін тегін 10 сотық жер алу мәселесі қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Homsters.kz сарапшылары жазғандай, бір жағынан мемлекет мұндай мүмкіндікті кепілдендіреді. Екінші жағынан, жер алу шарттары өңірдегі бос учаскелердің санына, инфрақұрылымның бар-жоғына және сұраныс деңгейіне тікелей байланысты.
Қандай жер учаскелері беріледі
Қазақстанда азаматтарға бірнеше түрлі мақсаттағы жер учаскелері ұсынылады. Әрқайсысының пайдалану тәртібі мен мүмкіндігі әртүрлі.
Негізінен үш санат бар:
– жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер (ИЖС);
– жеке қосалқы шаруашылыққа арналған жер (ЛПХ);
– бау-бақша және саяжай учаскелері.
ИЖС учаскелері тұрғын үй салуға арналған және көбіне қала ішінде немесе оған жақын аймақтарда орналасады.
Ал ЛПХ жерлері кеңірек мүмкіндік береді: мұнда үй салумен қатар, егін егуге, мал ұстауға болады. Алайда мұндай учаскелер көбіне елді мекеннен тыс орналасады.
Саяжай учаскелерінің ерекшелігі - олар тек маусымдық тұруға арналған. Мұндай жерлерде тұрақты тіркеуге тұру мүмкін емес, ипотека рәсімдеу немесе зейнетақы жинақтарын пайдалану да қарастырылмаған.
Неліктен жер алу қиын?
Заң жүзінде мүмкіндік болғанымен, іс жүзінде жер алу оңай емес.
Біріншіден, сұраныс жоғары өңірлерде бос учаскелердің тапшылығы байқалады.
Екіншіден, ұсынылатын жерлердің басым бөлігінде инфрақұрылым - су, жарық желілері жеткіліксіз.
Әсіресе ИЖС учаскелері бойынша кезек өте баяу жылжиды. Кей жағдайда күту мерзімі 10-15 жылға дейін созылуы мүмкін. Қала неғұрлым ірі болса, кезек те соғұрлым ұзақ.
Ал ЛПХ мен саяжай жерлеріне келсек, мұнда кезек жүйесі жоқ. Азаматтар бос учаскені өздері кадастр картасы арқылы іздеуі тиіс. Дайын тізімнің болмауы бұл процесті одан әрі күрделендіреді.
Кезекке қалай тұруға болады?
Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер алу үшін өтініш беру тәртібі нақты регламенттелген.
Өтініш eGov порталы арқылы «Жер қатынастары» бөлімі арқылы беріледі.
Пайдаланушы электронды цифрлық қолтаңба арқылы жүйеге кіріп, өңірді таңдап, өтінім жібереді. Осыдан кейін азамат кезекке тіркеледі.
Өтініштің мәртебесін тұрақты бақылап отыру маңызды. Бұл ақпаратты eGov немесе мемлекеттік жер кадастры жүйесі арқылы тексеруге болады. Онда кезек нөмірі мен өтінім көрсетіледі.
2026 жылдан бастап не өзгереді
Жер қатынастары саласы кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр. 2026 жылдың шілдесінен бастап кезек жүргізудің жаңа ережелері күшіне енеді.
Жаңа жүйеге сәйкес:
– кезек толықтай электронды форматқа көшіріледі;
– барлық дерек бірыңғай жер кадастры жүйесіне біріктіріледі;
– мәліметтер автоматты түрде жаңартылып отырады.
Сонымен қатар жүйе автоматты түрде:
– қайтыс болған азаматтарды;
– шетелге тұрақты тұруға кеткендерді;
– жер алған немесе ұсыныстан бас тартқан адамдарды кезектен шығарады.
Осының нәтижесінде бос орындар жедел түрде қайта бөлініп, кезек қозғалысы жылдамдайды.
Сондай-ақ белгілі бір себеппен кезектен шығып қалған азаматтар үшін қайта қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл үшін тиісті құжаттар немесе сот шешімі қажет.
Жалпы алғанда, Қазақстанда тегін 10 сотық жер алу мүмкіндігі сақталады. Алайда бұл ұзақ мерзімді жоспарлауды, процесті дұрыс түсінуді және шыдамдылықты талап етеді.
Тағы оқи отырыңыздар:
Көлік салығы төмендейді, мүлік салығы қайта есептеледі: Жаңа ережелер қандай?
“Заңда бизнес, премиум үй деген түсінік жоқ”. Тұрғын үйдегі паркингтің жетіспеуі кімнің кінәсі?