2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енген болатын. Ондағы басты өзгерістердің бірі – прогрессивті жеке табыс салығы. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті BAQ.KZ редакциясының ресми сұрауға берген жауабында мәлім етті.
Жаңа заңға сәйкес, негізгі мөлшерлемелер: 36,7 млн теңгеге дейін – 10%, осы сомадан жоғары табысқа – 15% құрады.
Сондай-ақ ҚҚС өзгерді. Енді базалық мөлшерлеме – 16%,медицина – 5%, басылымдар – 10%.
Ал кәсіпкерлер үшін: КТС базалық мөлшерлемесі – 20%,банктер – 25% және ауыл шаруашылығы – 3% болды.
Сонымен қатар, 30 АЕК көлемінде бірыңғай салықтық шегерім енгізіліп, құжат жинау рәсімі жеңілдетілді, - делінген жауапта.
Қарызды төлемесеңіз не болады?
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа жүйеде берешек сомасына қарай шаралар да күшейтілгенін айтады.
Берешек сомасына қарай сараланған тәсіл енгізілді: 20 АЕК-ке дейін – тек хабарлама және өсімпұл,
20-45 АЕК – хабарлама, шоттарды бұғаттау, инкассо, 45 АЕК-тен жоғары – барлық шаралар (мүлікті сату және т.б.),
27 000 АЕК-тен жоғары – елден шығуға шектеу (3 айдан кейін, сот арқылы),-секілді шаралар қолданылады дейді комитет.
Сондай-ақ жауапты орган мәліметінше әлеуметтік төлемдер бойынша да 6 АЕК-тен жоғары берешекке шаралар қолданылады.
Маңыздысы – енді шағын қарыздар үшін бизнес толық бұғатталмайды.1500 АЕК-ке дейінгі берешек бойынша кепілсіз бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі, - дейді ведомство.
Банктер де бақылауға алынды
2026 жылдан бастап банктер де салықтық бақылауға тартылды. Енді банктер мемлекеттік кірістер органдарына кәсіпкерлік белгілері бар операциялар туралы мәлімет беруге міндетті.
Бақылау критерийлері 3 ай қатарынан, ай сайын 100 және одан көп әртүрлі тұлғадан ақша түсуі және жалпы сома 12 ең төменгі жалақыдан асса (шамамен 1 020 000 теңге) деректер салық органдарына беріледі, - дейді өкілдік.
Бұл көлеңкелі кәсіпкерлікті анықтауға бағытталған.
Көлік салығы арзандайды
Көлік иелері үшін де өзгеріс бар. Енді 10-20 жылдық көліктер үшін – 0,7 коэффициент, ал 20 жылдан асқан көліктер – 0,5 коэффицентпен есептелінеді.
Мемлекеттік кірістер комитеті сөзінше, бұл жеңілдіктер 2027 жылғы төлемде ғана көрінеді.
Жылжымайтын мүлікке салынатын салықтағы өзгеріс
Сонымен бірге, Мемлекеттік кірістер комитеті жылжымайтын мүлікке салынатын салықтың есептелу тәртібі де өзгеретінін хабарлады.
Жаңа жүйеге сәйкес, мүліктің жалпы құнына қарай екі түрлі тәсіл қолданылады.
Егер азаматтың иелігіндегі барлық жылжымайтын мүліктің жиынтық құны 450 млн теңгеден аспаса, салық әрбір нысанға жеке-жеке есептеледі. Яғни, пәтер, тұрғын үй немесе өзге де мүлік бөлек қаралып, әрқайсысына жеке салық салынады.
Ал мүліктің жалпы құны 450 млн теңгеден асқан жағдайда, есептеу тәсілі өзгереді. Бұл кезде барлық нысан біріктіріліп, салық жиынтық құн негізінде анықталады.
Егер мүліктің жалпы құны белгіленген шектен асып кетсе, онда жоғары салық мөлшерлемесі қолданылады. Мұндай жағдайда төлем көлемі
2 946 600 теңгеге қосымша, асқан соманың 2 пайызы ретінде есептеледі.
Аталған өзгерістер 2027 жылдан бастап күшіне енеді.