Қазақстанда цифрлық таңбалау, отынға түс беріп бояу және электрондық шот-фактуралар жүйесінде жеке виртуалды қойма енгізілгеннен кейін шаруалардың жеңілдетілген дизель отынын нақты тұтыну көлемі азайған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.
2024 жылы мұнай өнімдерінің қозғалысын цифрландыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда, бөлінген көлем шеңберінде шаруалардың дизель отынын нақты тұтынуы 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін төмендеді. Яғни, тұтыну көлемі 127 мың тоннаға немесе 21%-ға азайды. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі Шымкент мұнай өңдеу зауытында ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін өндірілетін дизель отынын таңбалау бойынша пилоттық жобаны енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026 жылғы 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, – деді Энергетика вице-министрі.
Бұған дейін төрт өңірде егіннің 95%-дан астамы жиналғаны туралы жаздық.