Жаз мезгілінде Қазақстанның республикалық маңызы бар автожолдарындағы 28 ақылы учаскеде 25,8 млн-нан астам көлік жүріп өткені тіркелді. 1 маусым мен 31 тамыз аралығында тәулігіне орта есеппен 281 мыңға жуық көлік ақылы жолдарды пайдаланған.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ дерегіне сүйенсек, ең көп сұранысқа ие бағыт Алматы – Қонаев автожолы болды. Үш ай ішінде бұл учаскеде 4,3 млн-нан астам көлік өткені тіркелген.
Екінші орында Шымкент – Өзбекстан шекарасы бағыты тұр – 2,68 млн көлік. Үшінші орынға Шымкент – Тараз учаскесі жайғасты – 1,87 млн көлік.
Он жолға барлық көлік ағынының 71%-ы тиесілі
Көлік қозғалысы жоғары бағыттардың қатарында Тараз – Қайнар, Астана – Теміртау, Астана – Щучинск, Шымкент – Қызылорда және Қонаев – Талдықорған учаскелері де бар.
Жалпы алғанда, ең көп жүктемеге ие он ақылы жол учаскесінде 18,2 млн-нан астам көлік жүрген. Бұл ақылы жолдар желісіндегі жазғы жалпы көлік ағынының шамамен 71%-ын құрайды.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, сұраныс ірі қалаларды байланыстыратын бағыттарда ғана емес, танымал туристік аймақтарға апаратын жолдарда да жоғары болып отыр.
Олардың қатарында Астана – Щучинск, Щучинск – Көкшетау, Қарағанды – Балқаш, Қызылорда – Арал және Үшарал – Достық бағыттары бар.
Тағы оқи отырыңыз: Артық жүк жолды тоздырып жатыр: «ҚазАвтоЖол» 870 мың заң бұзушылықты тіркеді
Республикалық жолдардағы жол апаттары 9%-ға азайды – «ҚазАвтоЖол»